Дін басшыларының форумы - бұл түрлі діндерді диалогқа шақыру - Ислам Конференциясы Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Салем әл-Хауни

- Біреулер үшін руханилық - бұл мәдени мұра, енді біреулер үшін ол діни құндылықтармен тікелей байланысты. Сіздің пікіріңізше, дін адамдар арасындағы қатынастарды дамыту үшін белгілі бір әмбебап құрал болып табыла ма?
- Меніңше, солай сияқты. Мен бұған оң көзбен қараймын. Егер дінаралық қатынастар қажетті бағыттарға бағытталатын болса, бұл барынша жеделдетілген бейбітшілік пен келісімді орнатуға әкелуі мүмкін. Өйткені, діндердің барлығы да ізгілікке, бейбітшілікке және қауіпсіздікке үндейді.
- Сіздіңше әлемдік діндер басшылары, бірінші кезекте өздері арасында тіл табысулары керек сияқты болып көрінбей ме. Бұл өте маңызды, өйткені адамдар олардың рухани басшыларының сөзіне құлақ асады. Косово, Ирак, Таяу Шығыс сияқты және т.б. елдердегі халықаралық жанжалдарды реттеуде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының рөлі Сіздіңше қандай?
- Бұл өте күрделі сұрақ. Мәселе мұнда саясаттың, геосаяси аспектілерінің және т.б. үлкен рөл ойнайтынында. Біз мұнда саяси аспектілерден тыс түрлі сенім өкілдерінің арасында, діндер арасында туындауы мүмкін пікір қайшылықтарын шешу үшін әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары ретінде бас қосып отырмыз. Алайда осы ыстық нүктелерде және жалпы саяси жанжалдарда діни сәттер, конфессияаралық аспектілер қозғалатын болса онда әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары мұндай жанжалдарды реттеу мәселелерін шешуге белсенді түрде қатысулары тиіс.
- Қазіргі уақытта кейбір Еуропа мемлекеттерінде исламофобия сияқты құбылыстардың көрінісі орын алып отыр. Осы құбылыстың тамырына балта шабу үшін осы бағытта нақтылы қадамдар жасалып отыр ма?
- Мен Ислам Конференциясы Ұйымы Бас хатшысының орынбасары лауазымын атқарамын. Біздің ұйым исламофобия сияқты құбылыстарға қарсы күрес бойынша мүдделі және шаралар қабылдап отыр. Осы съезде шығып сөйлегендер түрлі діндерге, оның ішінде исламға қатысты фобия мәселелерін қозғады. Өз ұйымдарымызда біздер бүкіл әлемде орын алып отырған осы құбылыстың таралуын шектеуге тырысамыз. Ислам Конференциясы Ұйымы аясында біздер осы елдердегі шынайы исламды түсіндіру үшін бірқатар іс-шараларды - форумдарды, конференцияларды, симпозиумдарды жоспарладық. Ислам Конференциясы Ұйымы Бас хатшысы ЕҚЫҰ, БҰҰ жанындағы ұйымдарды, Африка Одағын, Араб мемлекеттерінің лигасын қоса алғанда көптеген ұйымдармен бірқатар кездесулер өткізді. Ислам Конференциясы Ұйымының ішінде исламға қарсы бағытталған іс-шаралармен танысатын арнай бөлім - ДЕЛИА құрылды. Оның да мақсаты осындай теріс көріністердің алдын-алу болып табылады.
- Бұдан аз уақыт бұрын БҰҰ жанынан дінаралық ұйым құру туралы ұсыныс айтылды. Осыған байланысты пікіріңіз қандай?
- Өзіңіз білетіндей, бұл көтеріліп отырған осындай алғашқы бастама емес. Мен мұның өте жақсы бастама екеніне сенімдімін және менің ұйымым - Ислам Конференциясы Ұйымы оған барынша оң көзбен қарайды. Түптеп келгенде, біздердің барлығымыз да адамдардың игіліктері үшін қызмет етеміз, сондықтан сындарлы дінаралық диалог қажет.
- Форум жұмысына қатысып отырған көптеген діни басшылардың ішінде Ресей муфтилері кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин: «Қазақстан діндер мен халықтар арасындағы татулықты сақтау бойынша үйренуге үлгі болып табылады», деп мәлімдеген еді. Осы тұрғыда Сіздің пікіріңіз қандай?
- Мен тағы да қайталап айтамын, әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының үшінші съезін өткізуге бастамашылығы үшін Қазақстан Президентіне, төзімділіктің, басқалардың мәдениетіне және түрлі ұлттар мен конфессиялардың дәстүрлеріне деген құрметтің үлгісі болып табылатын сіздің елдің барлық халықтарына мен ризашылығымды тағы да білдіремін. Бұл кездесу өркениеттердің өзара қарым-қатынастары үшін қолайлы жағдайлар жасау жолындағы маңызды қадамды және түрлі діндер мен мәдениеттер диалогына шақыруды білдіреді.
- Әңгімеңіз үшін рахмет!
ҚазАқпарат анықтамасы: Ислам Конференциясы Ұйымы әлеуметтік, экономика және саясат салаларында исламдық бірлікті қамтамасыз ету, колониализм ге, неоколониализм ге және нәсілшілдікке қарсы күрес және Палестинаны азат ету ұйымына қолдау көрсету мақсатында Мұсылман мемлекеттері басшыларының конференциясында 1969 жылғы қыркүйектің 25-інде құрылған. Штаб-пәтері Джиддада (Сауд Арабиясы) орналасқан.
Қазіргі уақытта Ислам Конференциясы Ұйымы жаңару кезеңін бастан өткеруде. Осыған байланысты 2008 жылғы наурызда Дакарда (Сенегал) өткен Ислам Конференциясы Ұйымының кезекті Саммитінде ұйымның Жарғысы қабылданды.