Дін мәселесін реттеуге бағытталған заң жобасы халықаралық талаптарға толық жауап береді ? сарапшылар

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қазір Конституциялық кеңестің қарауында жатыр.
None
None
Біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажетті заңды қабылдатқысы келмейтін сыртқы ықпалдар осыны пайдаланып, заң жобасы «халықаралық талаптарға сай емес» деп жалаулату арқылы тағы бір рет тұяқ серпіп қалуға тырысып-ақ бағуда. Естеріңізге сала кетейік, Парламенттің бір топ депутаттары бастамашы болып дайындаған заң жобасына ә дегеннен қалың көпшіліктің назары ауған. Оның жөні де бар. Өйткені кезінде қабылданған «солқылдақ» заңның арқасында халқымыз жат діндердің «жырымдауына» түсіп, жымысқы діни ағымдардың әрекетінен талай отбасының шаңырағы шайқалды. Халық бұған төзудей-ақ төзіп келеді. Бірақ баса-көктей ел ішіне кіріп, шұбар жыландай іріткі салуға кіріскен жат пиғылдылардың әрекеті соңғы жылдары халықты ашындыра бастағаны да рас. Қысқасы, ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғай отырып, діни ағымдар мен бірлестіктердің қызметін оңтайлы реттейтін заңның ауадай қажеттігі айқындалды. Әрине, шектен шыққан дін өкілдерін Республика аумағынан шығарып тастауға мемлекеттің қауқары жетеді. Алайда демократиялық бағытты ұстанып, адам құқықтарын мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде бағалап, дінаралық, конфессия аралық татулықтың үлгісі болып отырған Қазақстан үшін мұндай әрекет қол емес. Осындай жағдайда депутаттардың бастамашылығымен дүниеге келген, жоғарыда аталған заң жобасы көпшіліктің көңіліндегісін дөп басқан еді. Алайда Қазақстанды діни ағымдардың ойын алаңына айналдырғысы келетін сыртқы топтар барлық тетіктерін пайдаланып, заң жобасының жолын кесіп бақты. Бірақ жұртшылық арасында кеңінен талқыланып,артық-кемі түзелген заң Парламенттің сүзгісінен өтті. Енді олар халықаралық ұйымдардың беделін бетке салып, Елбасын оған қол қоймауға шақырды. Сондағы уәждері - заң демократия ұстанымдарына сай келетініне «күмәнданады». «Күмәнданады» дегенді тырнақша арқылы жазуымыздың себебі бар. Енді соған келейік. Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылары институтының директоры заңгер ғалым, Марат Бәшімовтың сөзіне қарағанда, еліміздің сарапшылары заң жобасына байланысты Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының өкілдерімен екі рет кездесіп, заң жобасын жан-жақты талқылаған. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген сарапшы мамандардың пікіріне сүйенсек, бізге «демократиялық ұстанымдарды аяқасты еттіңдер» деп ақыл айтып жүрген халықаралық ұйым өкілдерінің өздерінен де шикілік шықты. Мысалы, Халықаралық мәдениет және дін орталығының бөлім меңгерушісі Марина Онучконың пікірінше, дін мәселесіне қатысты жаңа заң жобасын талқылау барысында халықаралық ұйым өкілдері біржақты көзқарас ұстанған. «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының сарапшылары заң жобасын қарау барысында тек екі мәселені - еуропалық және халықаралық стандарттарды негізге алған. Яғни, олар біздің жобамызды осы көзқарастар негізінде ғана бағалап отыр. Бұл дұрыс емес. Өйткені еуропалық стандарт дегеніміз халықаралық стандарт емес. Ол тек Еуропа елдерінде ғана қолданылатын талаптар. Ол қаншалықты дамыған жүйе дегенімізбен, оны толық жетілген деп айта алмаймыз», дейді М. Онучко. Осы орталықтың аға ғылыми қызметкері Махаббат Шахманованың пайымдауынша, халықаралық ұйым сарапшылары дін мәселесін реттейтін жаңа заң жобасын талқылау барысында Қазақстанның қолданыстағы заңдарының нормалары мен Конституция талаптарын ескермеген. «Бұл мәселеге байланысты біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының сарапшыларымен екі кездесу өткіздік. Оның барысында біз еуропалық сарaпшылар Қазақстан заңдарының нормалары мен еліміздің басты заңының талаптарын ескермеген деген ұйғарымға келдік. Осыған байланысты біз еуропалықтардың қорытындыларын қайта қарадық» дейді сарапшы. Ал Халықаралық «Руханият» университетінің ректоры Мұрат Мыңбаевтың келтірген мәліметтеріне қарағанда, елімізде талқыланып жатқан дін мәселелерін реттейтін жаңа заң жобасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің заңдарымен салыстырғанда, әлдеқайда либералды. Сондай-ақ ондағы адам құқықтарын сақтау мен өзге де демократиялық ұстанымдарға байланысты мәселелер сол еуропалық елдердің көбісінің осы бағыттағы заңдарынан көш ілгері тұр. «Біздің заң елдегі діни конфессиялар мен ағымдардың сенім бостандықтарына ешқашан да кедергі келтірген емес. Біз зайырлы мемлекет ретінде әрбір діни ұйымның жұмысын Конституцияға сәйкес реттеуіміз қажет. Яғни өзге дін өкілдері Қазақстан азаматтарының құқықтарын бұзбаулары керек. Депутатардың бастамасымен дайындалған құжат осындай ниеттен туып отыр. Бұл заң жобасы халықаралық талаптарға толық жауап бере алады. Біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының талаптары негізінде жергілікті діни ұйымдардың адам санын 10 мыңнан 5 мыңға дейін, одан соң 50 адамға дейін кеміттік. Ал Еуропаның Австрия, Германия, Франция сияқты дамыған елдерінде шіркеу мәртебесіне ие болу үшін 10 мың немесе 16 мың, кей жағдайда тіпті 30 мың адам болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, біз қабылдағалы отырған заңды толық демократиялы деуге болады. Ал көпшілік тарапынан аталмыш құжат азаматтардың құқықтарын, діни сенім бостандығын шектейді, ол белгілі бір діннің мүддесін қорғауға бағытталған деген сын-ескертпелерді естігенде қайран қаласың. Әлемдегі өркениетті деген мемлекеттердің өзінде бұл мәселе өте қатаң бақыланады», деді М.Мыңбаев. Заң ғылымының докторы Марат Бәшімовтың сөзіне қарағанда, әрбірден кейін біреуге өзінің көзқарасын тықпалау немесе мәжбүрлі түрде белгілі бір әдебиетті сатып алуға итермелеу сияқты әрекеттердің өзі адам құқын бұзу болып есептеледі. «Ал мұндай жағдаймен қазір еліміздің кез-кеген жерінде кездесесіз. Бұл мәселелер әрине заңмен реттелуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, біздің талқылап отырған құжатымыз - заман талабы. Ал оны халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді немесе сенім бостандығына шектеу қояды деу ақылға сыймайды. Қазақстан қашанда дінаралық, конфессияаралық татулықтың үлгісі болып келеді және мемлекетімізде ол үшін барлық шарттар қарастырылған. Біз тіпті діни мерекелерді демалыс күні ретінде де жарияладық. Қорыта айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының қойған талаптары негізсіз. Жалпы құжатты заң тұрғысынан талқылағанда бәрі түсінікті болып шығады. Сондықтан ондағы баптардың мән-мағынасына терең үңілмей жатып, қорытынды жасау дұрыс емес» дейді ол. Оның айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның толыққанды мүшесі болуы себепті дін мәселесіне қатысты заң жобасын халықаралық стандарттарға сәйкестігін саралау үшін аталмыш ұйымның қарауына өткен жылдың мамыр айында берген. Одан кейінгі болған екі кездесудің біріншісінде-ақ еуропалықтардың еліміздің заңнамаларын толық ескермегендігі айқын болған. Ал қазақстандық сарапшылар еуропалықтар енгізген бірқатар ұсыныстарды заң жобасының Парламентте қаралуы барысында ескеріп, енгізген де. Осылайша еліміздің заң саласының мамандары халықаралық ұйым өкілдерінің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты өздерінің ұсыныс пікірлерін, ұстанымдарын білдірді. Яғни заң жобасында азаматтардың да, дін өкілдерінің де ешқандай құқықтарын бұзатын нормалар жоқ. Құжат толықтай халықаралық талаптарға сай. Заң жобасының күшіне енуі оған жан-жақты баға беретін Конституциялық кеңестің құзырында. Егер құжат бұл сыннан аман өтсе, бұл еліміздегі дін мәселелерін реттеу мақсатындағы маңызды қадам болмақ. Осы орайда айта кететін мәселе, дін саласындағы қатынастарды реттейтін заңның қабылданғанына бақандай он төрт жылға жуықтапты. Ал осы уақыт аралығында әлемде қанша өзгерістер болып, мемлекетіміз түрлі реформаларды бастан өткерді. Бүгінгі заман қоғам алдына өзінің талаптарын қойып отыр. Мұны жақсы түсінген көптеген мемлекеттер дін мәселесін реттеу шараларын жаңаша бағытқа бұрып үлгерді де. Яғни, көптеген мемлекеттер осы саланы реттейтін заңдарға заман талабына сай өзгерістер, толықтырулар енгізді немесе жаңа заң қабылдады. Бұл үдеріс ТМД елдерінде түгелдей жүзеге асты десе болады. Ол тіпті елдегі саяси жағдайы мың құбылып отырған Қырғыз елінде де жүзеге асты. Сондықтан, бірлігі мен берекесі жарасқан, бақуатты ел ретінде танылған, демократиялық қоғам құруға нық сеніммен қадам басқан Қазақстанға бүгінгі даму сатысында елді ішінен іріткісі келетін кейбір сыртқы күштердің қоқан-лоқысына бола, алған бетінен қайта алмайды. Өйткені бүгінгі Қазақстан халқы өзіне сырттан таңылып жатқан «ереже-талаптардың» қайсы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алатын жағдайда.
Соңғы жаңалықтар