Дина Исламбекова Азия чемпионатында финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында бүгін, 6 сәуірде Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) шаршы алаңға шықты.
Аса ауыр салмақтағы Дина Исламбекова 1/2 финалда өзіне жақын таныс Олтиной Сотимбоевамен кезекті рет жекпе-жекке шықты.
Отандасымыз 3 раунд бойы қашықтықты қысқартып, шабуылда белсенді болды. Нәтижесінде төрешілер 5:0 есебімен Динаны жеңімпаз деп таныды.
Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Бақыт Сейдіш (70 келі), Надежда Рябец (80 келі) финалға жолдама алса, Валентина Хальзова (70 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі) қола жүлдегер атанды.
Енді ел құрамасынан екі спортшы шаршы алаңға шығады. Алдымен Ертуған Зейнуллинов (65 келі) таиландтық Бунджонг Синсиримен қолғап түйістірсе, бүгінгі жарыс күнінде соңғы жекпе-жекті Төрехан Сабырхан (70 келі) қытайлық Пейчен Ванға қарсы өткізеді.
Сондай-ақ еліміздің ерлер құрамасынан Оразбек Асылқұлов (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), әйелдерде Айгерім Сәттібаева (48 келі) жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Құрлықтық додада ел құрамасынан барлығы 13 боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.