20:56, 25 Тамыз 2025 | GMT +5
Динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар тізбесі кеңейді
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар тізіміне өзгерістер енгізілді.
Жалпы тізбеге 27 түрлі ауру енгізілді, оның ішінде:
- Созылмалы вирустық В, С және D гепатиттері (бауыр циррозынсыз);
- Артериялық гипертензия;
- Жүректің ишемиялық ауруы;
- Брахиоцефалиялық артерияның экстракраниалдық аурулары;
- Жүрек қақпақшасының зақымдануы;
- Аритмия, жүрекшелердің жыбыры мен дірілі;
- Қан және қан түзу аурулары;
- Тыныс алу ағзаларының аурулары;
- Ас қорыту ағзаларының аурулары (оның ішінде асқазан және он екі елі ішек ойық жарасы, бауыр циррозы);
- Қаңқа-бұлшықет жүйесі және дәнекер тін аурулары;
- Эндокриндік жүйе аурулары, тамақтану бұзылысы және зат алмасу бұзылысы (оның ішінде әртүрлі деңгейдегі қант диабеті);
- Қалқанша без аурулары;
- Жүйке жүйесінің аурулары (оның ішінде эпилепсия және балалардың церебралды салға шалдығуы). Бұған қосымша жүйке жүйесінің басқа да дегенеративті аурулары мен орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары енгізілді;
- Несеп-жыныс жүйесі аурулары;
- Әйел жыныс ағзаларының қабынусыз аурулары;
- Перинаталдық кезеңде пайда болатын жекелеген жағдайлар (оның ішінде туа біткен даму кемістіктері).
Бұйрық 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бүгін Президент Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді етуді тапсырды.