Динара Зәкиева: Әрбір цифрдың артында әйел немесе баланың өмірі тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Kazinform агенттігі тілшісінің «Заңға қол қоюды үлкен өзгерістер деп атауға бола ма?» деген сауалына жауап берді.

«Мемлекет басшысы жыл басында зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің ең маңызды қағидатын – қоғамда осы зұлымдыққа мүлдем төзбеушілікті дамытуды атап көрсетті. Ал бұл заң зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ететін осы постулаттың нақты көрінісі болуға арналған», - деп қосты Д.Зәкиева.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы статистика күн сайын балаларға қатысты 6 қылмыстық құқық бұзушылық жасалып, 342-ден астам адам зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын көрсетіп отыр.
«Тек 2023 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды; тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Әрбір санның артында әйел немесе баланың өмірі тұр», - деп атап өтті Д.Зәкиева.
Жалпы, заңның негізгі ережелері өткен жылдың қыркүйек айында Бас прокуратура мен Мәжіліске ұсынылғаннан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған болатын. Одан әрі түзетулер түрлі алаңдарда 100-ден астам ҮЕҰ өкілдерімен, қоғам белсенділерімен, сондай-ақ Мәжіліс пен Сенаттағы жұмыс топтарында талқыланды.
«Енді уәкілетті органдармен бірлесе отырып, заң нормаларын жүзеге асыруға кірісеміз. Осылайша, алдағы 2 айдың ішінде біз мемлекеттік органдармен бекітілген заңның ережелері мен нормативтік-құқықтық актілерінің тұжырымдамаларын бекітеміз. Одан кейін отбасын қолдау орталықтарын, психологиялық қолдау орталықтарын ашуға, мобильді топтарды құруға қатысты нормаларды іске асыруға қатысты әкімдіктермен жұмыс істейтін боламыз. Сонымен қатар, ұрып-соғуға, денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты жазалау, қылмыстық жауапкершілікке қатысты нормалардың орындалуына келетін болсақ, күнделікті жұмыс кезінде, 111 нөміріне келіп түскен өтініштер арқылы да заңның сақталуын тұрақты түрде қадағалайтын боламыз, – деп атап өтті Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Бұл заңда балаларды әкетуге, ата-ана құқығын шектеуге немесе айыруға қатысты өзгертулер мен толықтырулар жоқ. Мұның негіздері «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексте бекітілген және 2011 жылдан бері қолданылып келеді. Мәселен, қазір 12 мың бала әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тұрады. Д.Зәкиева бұл ретте отбасы бақылауда екені ескеріліп, балалар өз үйлерінде, жергілікті атқарушы билік тарапынан қажетті профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді.