Динара Жаңабергенова БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментін басқарады

ОРАЛ. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Динара Олжабайқызы Жаңабергенова БҚО санитариялық-эпдемиологиялық бақылау департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Динара Олжабайқызы Жаңабергенова
Фото: БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жаңа басшыны ұжымға ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова таныстырып, алдағы уақытта қызметіне сәттілік тіледі.

Динара Олжабайқызы 1979 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін дәрігер-гигиенист, эпидемиолог мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Жалағаш аудандық СЭС-ның еңбек гигиенасы бойынша санитарлық дәрігері болып бастаған.

2005-2010 жылдары Жалағаш аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында эпидқадағалау бөлімінің бастығы, 2010-2012 жылдары Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті тағам нысандарын сангигқадағалау бөлімінің бас маманы болды. 

Сондай-ақ 2012-2017 жылдары Сырдария аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы, 2017-2020 жылдары Қызылорда облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тамақтану объектілеріндегі инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы, 2020 жылы Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы қызметтерінде болды.

Осы қызметке тағайындалғанға дейін 2021-2024 жылдары Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы лауазымын атқарды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар