Діндер басшыларының съезі Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси салмағын ұлғайтқан маңызды шара болды

АНА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы аптаның басты һәм айтулы оқиғасы - Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезі болды. Бұл аймақтағы ғана емес, әлемдегі тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде  ұтымды бастамаларымен, ұтқыр ұсыныстарымен дүние жүзіне танылған Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренадағы саяси салмағын одан әрі ұлғайтқан маңызды іс-шара болды. Бейбітшілік пен келісім сарайында ашылып, келесі күні Тәуелсіздік сарайында жалғасқан форумға әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысты.
None
None

 

 Бұдан үш жыл бұрынғы съезге  29 де­легация атсалысқанын ескерсек,  бұл форумның маңызы, салмағы жыл санап артып отырғанын байқаймыз. Съезге қатысқан әртүрлі ұлттың, әртүрлі діннің өкілдері бір үстелдің басында шүйіркелесіп, бір дастарханнан дәм татып, қазіргі әлемнің тыныштығын бұзған, бейбітшіліктің берекесін қашырған қауіп-қатерлер жайлы пікірлерін білдіріп, оларды шешу жөніндегі озық ойларын ортаға салды. Дүние дидарындағы адамзат үшін ең қажетті нәрсе - татулықтың туын жықпай, мемлекеттер, ұлттар, діндер, өркениеттер арасындағы ынтымақ пен келісімді сақтап, дамыту үшін келешекте атқарылуы тиіс жасампаз істер жайлы аталы сөздерін айтып, баталы пәтуаларын жеткізді. Бұл ретте алқалы жиынға қатысушылардың барлығы Қазақстанның ұлттар арасындағы достықты сақтаудағы және діндер арасындағы келісімді кемелдетудегі қабылдаған және атқарған жұмысын аса жоғары бағалады. Біздің елімізден үлгі алатын тұстардың мол екендігін айтты. Талай адамның мезгілсіз ажал құшуына себепші болған, сондай-ақ әлі де болса адамзатты үрей құшағында ұстап отырған ядролық қарудан өз ықтиярымен бас тартқан Қазақстанның батыл шешімін жоғары бағалады.

Діндер басшыларының II Съезі өткен 2006 жылдан бергі аралықтағы қас пен көздің арасында әлемде көптеген өзгерістер болды. Өкінішке қарай, ол өзгерістердің ішінде көңілді қапаландыратын жәйттар да аз болмай тұр. Күні кеше ғана мызғымастай көрінген дүние жүзінің экономикасы бұрын соңды-болмаған теңдесіз қаржы дағдарысына тап болып, туталақайы шығуда.  Соңғы жылдарда тек материалдық игіліктерге бас ұрып, рухани құндылықтарды екінші қатарға ысырып тастаған әлемдік қоғамдастық орнын толтыру аса қиынға соғатын үлкен қателік жібергенін енді-енді ұғынып жатқандай. Атап өтерлігі, Астанадағы үшінші съезде терроризм, экстремизм, есірткі саудасы, нәсілшілдік сынды жаманшылықтарға қарсы күрестен бөлек, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі - қазіргі дағдарысты еңсерудегі рухани құндылықтардың рөлі сөз болды.

Съезді ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндамасында қазіргі дағдарыстың себеп-салдарына тоқталып,бұдан кейінгі әлемнің келбеті қандай болуы керектігі жөніндегі ұрымтал пікірлерін білдірді. «Қазіргі дағдарыс әлемге қайта өзгеру­дің, адамзаттың әділ дүние тәртібі туралы мәңгі арманын іске асырудың бірегей мүмкіндігін береді. Ал бұл мүмкіндікті жіберіп алу кешірілмес қателік болар еді. Оның үстіне бұрын әрдайым болып келгеніндей жаңа әлемдік тәртіп кезекті жаһандық әскери қақтығыстан кейін емес, бейбіт түрде - үнқатысу және өзара қолайлы ұстанымдарды әзірлеу жолымен құрыла алар еді», деп атап өтті көрсетті Президент.

Осы орайда Н. Назарбаев «жаңа дүние құрылысының негіздері қандай болуы тиіс?» деген мәсеге қатысты көзқарасын білдіріп, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы негізге ала отырып төрт маңызды дүниені бөле-жара айтты. 

Қазақстан басшысының пікірінше, ең алдымен әділ экономикалық модель болуы қажет.  Ол адал да әділ әлемдік қаржылық, ва­люта жүйесіне негізделуі тиіс, онда алдау мен ысырапқорлыққа орын бол­майды. Онда адам жасайтын игілік әрбір адамның жасампаздығы мен прогресіне, оның рухани өсуі мен жетілуіне бағытталатын болады Екіншіден, бұл мемлекеттер арасындағы өзара қатынастардың әділ саяси моделі қалыптасуы керек. Мұнда басты орынға жекелеген ел­дердің емес, бүкіл әлемнің мүдделері қойы­луға тиіс. Халықаралық қатынастар­дың жаңарған жүйесінде үлкен және ша­ғын елдерге, "жақсы" және "жаман" ха­лықтарға бөлу болмауға тиіс. Осынау жа­ңа дүние баршаға ортақ сенім мен құр­меттің, әріптестік пен үнқатысудың дүниесі болуы тиіс. «Сондықтан да бізді АҚШ-тың жаңа басшылығының мұсылман әлемімен өзара түсіністікті жолға қоюға деген ұмтылысы қанаттандырады. Әлемде маңызды өзгерістер бола бастағанының белгісі бұл. Біз сондай-ақ Сауд Арабиясы Коро­лінің мәдениеттер мен діндер үнқатысуы туралы ұсынысына қолдау білдіреміз», деді Н. Назарбаев.

Елбасы үшіншіден жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарас қажеттігін айтты. Осы орайда планетада ахуалды тұрақтандырып, оны қауіпсіз жасай алатын халықаралық кооперацияның жаңа формаларын әзірлеу жөнінде табанды іс-қимыл қажет. Лаңкесшілдік пен есірткі бизнесіне қарсы тұрудың әлдеқайда тиімді тетіктері талап етіледі. Бүкіл адамзаттың ядролық қарусыз дүниеге қарай жаһандық қозғалысында күш-қуатты біріктіру айрықша маңызды. Осы тұста Н. Назарбаев әлемдік қоғамдастықтың жаппай-қырып жоятын қарудың тамырына балта шабуда дәрменсіздік танытып отырғанын сынға алады. «Бұдан 40 жыл дерлік бұрын қабыл­данған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әмбебап тетігі бола алмады. Ол жаңа ядролық мемлекеттердің пайда болуына жол бермеу былай тұрсын, со­нымен бірге "ядролық клуб" мүшелерінің жаппай қырып-жою қаруын жетілдіруіне тыйым да салмады Сондықтан халықаралық қоғамдастық ядролық қаруды таратпау тетіктерін дереу қайта қарауға және жаңа әмбебап Ядролық қаруды баршаға ортақ көлбеу және тіктеп таратпау туралы шарт жасауға кірісуі тиіс», деді Президент.

Н. Назарбаев жаңа дүние тәртібін жоғары адамгершілік пен руханилықсыз қалыптастыру мүмкін еместігін қадап айтты. Бұл Елбасы екпін салған төртінші мәселе. Президенттің пікірінше, нақ осылар, яғни жоғарыда көрсетілген дағдарыстан кейінгі дүниені қайта құрудың басты тетіктері болуы тиіс. Мұндай дүние тәртібін құруға жетекші державалар ғана емес, сонымен бірге барлық басқа елдер мен халықаралық ұйымдар қатысуы керек.

Елбасы Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниенің тәртібін қалыптастыруға қазірден бастап үлес қосуға дайын екенін ашық білдірді.  Оны Президенттің «Діндер съезінің хатшылығы Астанадағы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығымен бірлесіп Діни басшыларының кеңесін құруы қажет» деген ұсынысынан аңғаруға болады. Бұл кеңестің жұмысы  мәдениеттердің үн­қа­тысуы мен экономикалық өзара ықпал­дастыққа бағытталған басқа форумдармен және халықаралық ұйымдармен үнқатысуға және ынтымақтастыққа бағытталуы тиіс. «Барлық кезеңде мәртебелі моральдық құндылықтардың сақтаушылары діни лидерлер - түрлі діндердің басшылары болған және болып отыр. Нақ сондықтан да осынау күрделі кезеңде дін қайрат­керлеріне айрықша үміт артылады. ... Нақ сіздер, діни лидерлер, руханилық­тың - дүниенің үйлесімді дамуының басты шартының қайта өрлеуінің жүргі­зушілері бола аласыздар», деді Н. Назарбаев.

Съез «Толеранттылыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа  негізделген    әлемді  тұрғызудағы  діни  жетекшілердің рөлі»  тақырыбында өтті. Оның аясындағы сессияда «Моральдік және рухани құндылықтар, әлемдік этика», «Диалог және ынтымақтастық», «Дағдарыс кезіндегі ынтымақтастық» деген тақырыптармен үш секция болды.  Осы секцияларды сөз сөйлеген түрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың өкілдерінің  пікірлері қазіргі әлемдегі тыныштықты сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саяси басшылардан, қоғам қайраткерлерінен бөлек, діни жетекшілерге да айрықша сенім жүктеліп отырғанын айтты. Дін атаулының барлығы адамзатты ынтымаққа, достыққа шақыратынын, мейірімділік пен ізгілікке, татулыққа үндейтінін айтты. Лаңкестік, экстремизм сияқты жаманшылықтар барлық діндерге жат екенін жеткізіп, әлемдік қоғамдастықты осы қауіп-қатерлерге қарсы тұруға, есірткі трафигімен күресті күшейтуге шақырды. Тұтастай алғанда діндер басшылары Қазақстанның, оның басшысы Н. Назарбаевтың әлемдің қауіпсіздігін сақтауда атқарып жатқан жұмысын, еңбегін жоғары бағалады.  Съезд соңында қатысушылар үндеу қабылдады. Осылайша қазақ жерінде өткен Діндер басшыларының кезекті съезі дүниенің төрт бұрышындағы тыныштықты сақтап, ұлттар мен діндер, өркениеттер арасындағы диалогты дамытуда бұл форумның маңыздылығының артқанын айқындап берді. Қатысушылар 2012 жылы Астанада тағы да басқосуға уәделесіп, тарқасты.

            *****    *****

Сейсенбідегі Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда ағымдағы жылдың екінші жартысында экономиканың өсімі байқалады деп болжанып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бес айдың нәтижесі, ағымдағы жағдайдың тұрақты мониторингі базалық салалардағы жекелеген экономикалық индикаторлар, әсіресе кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі бойынша айдан- айға өсу ағымының пайда болуын көрсетіп отыр. Осы арқылы биылғы жылдың орта кезіне қарай елімізде экономиканың бәсеңсуінен, экономикалық өсімнің жандануға ауысуы байқалатын болады. Дағдарысқа қарсы қаражаттың барынша толық игерілетінін есептегенде, жыл қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізіп қаламыз.

Елдегі жетекші министрліктің тізгінін ұстап отырған Б. Сұлтановтың бұл мәлімдемесі расында да көңілге қуаныш ұялатады. Таяуда Қазақстанда сапармен болған Халықаралық валюта қорының таратушы-директоры Д.Стросс-Кан 2010 жылдың екінші жартысында әлемдік экономикада өсім болатынын мәлімдеп, оның ізін ала Қазақстан экономикасының бойына да қан жүгіретінін айтып қалып еді. Осы екі мысалдан Үкіметтің дағдарысқа қабылдаған шараларының дұрыс болғанын аңғаруға болатындай. Ол шаралардың тиімді жүзеге асырылуының арқасында еліміз биылғы жыл қорытындысы бойынша экономикада оң өзгерістерге қол жеткізбек.

     *****    *****

Бұл аптаның айтулы оқиғаларының бірі ретінде - Астана күніне арналған мерекелік шаралардың басталуын айтуға болады. Бүгін Елбасы Н. Назарбаев елордадағы «Атамекен» мемориалды кешенінде Мемлекеттік Туды көтеріп, Астана күніне арналған мерекелік шараларды бастап берді. Енді үш күн бойы елордада қала күніне арналған мерекелік шаралар өтетін болады. Былтырғы мерейтойдан бергі аралықта Астанада көп дүние өзгерді. Астананың 11 жылдығы қарсаңында қалада Локомотив құрастыратын жаңа зауыт, 30 мың орындық төбесі жабық жаңа стадион ашылды, бірнеше жол айрықтары пайдалануға берілді. Мұның сыртында бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Еуразияның кіндігіндегі Астана жыл санап емес, күн санап түрленіп, әдеміленіп келеді. Астана бұл күнде Қазақстанның елордасы, ел экономикасының локомотиві ғана емес, сонымен бірге Елбасы атап көрсеткеніндей, «Азия мен Еуропаның, Батыс пен Шығыстың бел ортасында бой көтерген Астана алуан түрлі ұлттар мен діндердің де тоғысып, жарасым тапқан орталығына айнала бастады. ... Астана - бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. ... Астана - бұл өзінің бүкіл тарихында аса ұлы өркениеттердің тарихи және мәдени мұраларының тоғысу орталығы болған елдің ордасы».

Соңғы жаңалықтар