Дiндер көшбасшылары съезiнде «Ислам мемлекетi» лаңкестiк ұйымы туралы терең талқылаулар болады - сенатор И. Адырбеков

"Жалпы съезд барысында ол арнайы бiр тақырып ретiнде көрсетiлмеген. Бiрақ ол жөнiнде терең талқылау болатыны сөзсiз", - дедi ол тiлшiлерге берген жауабында.
Қазiргi уақытта әлемде ең қауiптi лаңкестiк ұйымдардың бiрi осы - "ИМ"
"Ислам мемлекетi" бүгiнгi күнi Иракта, Сирияда, жалпы сол өңiрде үлкен қауiп төндiрiп отыр. Бұл ұйымның негiзi 2006 жылы құрылған. Ол кезде қоғамның назарынан, талқылауынан тыс қалып қалды да, кейiн үлкен әскери, саяси күшке айналды. Негiзiнен оның әскерiн Саддам Хусейннiң бұрынғы жауынгерлерi құрайды. 2010 жылы Сириядағы азаматтық соғысқа белсендi араласып кеттi. Бүгiнгi күнi Ирактың 30 пайыз аймағын, Сирияның 50 пайыздай жерiн өзiнiң ықпалында ұстап отыр. Бұрын көршiлес Ливан, Палестина, Сирия, Ирак, Түркия, Мысыр елдерiнiң шеңберiнде ислам мемлекетiн құру мақсаты болған болса, қазiр әлемдiк халифат құру мақсатын алдына қойып отыр. Бұл әрине, өте қауiптi. Мысалы, қасиеттi Қағбаның өзiн жермен-жексен етемiз деген ойлары да бар. Өздерiңiз көрiп отырсыңыздар, қай қаланы басып алмасын, ондағы бүкiл тарихи, баға жетпес дүниелердiң барлығын жермен-жексен етiп жатыр", - дейдi сенатор.
Оның айтуынша, соған қарамастан осы ұйымның құрамына айына кем дегенде мыңнан астам жас барып қосылады екен.
"Олардың арасында қазақстандықтар барын бiз бiлемiз. Ендi олардың қанша уақыт өтсе де, елге қайтатыны белгiлi ғой. Ал олар қандай мақсатпен келедi? Қандай оймен келедi? Қандай тапсырыспен келедi? Бұл ендi үлкен сұрақ. Бiрақ бiздiң тиiстi органдар елдегi тыныштықты, бейбiт өмiрдi бұзуға ешқандай мүмкiндiк бермейдi деп есептеймiз", - деп түйдi сөзiн И. Адырбеков.
Айта кетейiк, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі Астанада 2015 жылдың маусымында өтеді.