Діндер съезінде көтерілген мәселелер азаматтардың әлем тағдырына алаңдаушылық білдіретіндігін және ынтымақ пен келісімге жол іздейтіндігін көрсетті - Президент

Соңғы екі күнде Бейбітшілік пен келісім сарайында және Тәуелсіздік сарайында көптеген құнды пікірлер айтылды. Бұл пікірлердің барлығы азаматтардың әлемнің тағдырына алаңдаушылық білдіретіндігін және ынтымақ пен келісімге жол іздейтіндігін көрсетті», деді бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезінің жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының айтуынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезі хижраға сәйкес, мұсылмандардың ең қасиетті айларының бірі - Раджап айында өтті. «Бұл Жаратқанның адамзат баласының жақсы бастамаларына сәуле шашқан күн деуге болады. Сондықтан да жиынға қатысушылардың Қазақстан жерінде қабылдаған шешімдері Жаратқанға жақын дүниелер деп білемін. Сіздердің әлем жұртшылығына арнап айтқан даналық сөздеріңіз періштенің құлағына шалынып, адамдардың жүрегіне жол тапсын», деді Н.Назарбаев.