Діни сауат артпайынша, салауаттылық орнамайды - БҚО

Кездесуді облыстық дін істері департаментінің директоры Талғат Нығмет ашып, жүргізді.
Кездесуге келгендер қатарында ҚР Дін істері агенттігінің бас сарапшысы Еркінбек Шохаев, исламтанушы, Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Әміре Ерсін болды. Жүздесуде сөз сөйлеген Еркінбек Шохаев елімізде жылдан жылға діни ахуалдың күрделеніп бара жатқандығын, әсіресе, исламға қатысты алыпқашпа ағымдардың ерекше белең алғандығын, бұл ағымдардың басқаға қарағанда еліміздің батыс өңірлерінде кең таралғандығын атап өтті. Билікті де, халықты да ерекше алаңдатқан мәселе болғасын осы ақпараттық-насихат тобы құрылып, оның құрамына белгілі теологтар, имамдар енген. Насихат тобының мүшелері мешіттерде, университеттерде, жазасын өтеу орындарында өткізген кездесулерінде жат ағымдардың мақсатын, пиғылын нақты мысалдармен түсіндірді.
-Жастармен сөйлескен кезде байқалғаны - діни сауатсыздық. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан бейхабар кейбір жастар жат ағымдарға еріп кетуде. Жамағатпен әңгіме барысында өз қателіктерін түсінгендері болды. Әрине, санасы әбден уланып, теологтарды тыңдағылары да келмегендері болды. Бұл бағытта біз жұмысты жалғастырамыз. Өз бауырларымызды айдалада адасқан күйінде қалдыруға қақымыз жоқ. Бұл жұмыс бір күнде бітпейді. БАҚ-тың бұл мәселеде көп көмегі бар. Халықтың көзін хақ дінімізге ашу үшін сіздерден белсенді көмек күтеміз, - деді ҚР Дін істері агенттігінің бас сарапшысы Еркінбек Шохаев.
Кездесулерде қойылған сұрақтарға тоқтала келе, бас сарапшы: «Намаз оқыған адамның үкімі қандай?», «Намаз оқымаған адамның асы һарам ба?», «Такфир жамағаты кімдер?», «Масһаб деген не?», «Балақ кесу, сақал қою дұрыс па?», «Исламда ата-ананы қаншалықты бағалайды?», «Жиһад деген не?» деген секілді сауалдарға дұрыс та тиянақты жауап берілгендігін алға тартты.
Басқосуда жан-жақтан андыздап енген түрлі секталарға тыйым салынбаса, діни ахуалды түзеу қиын деген ойлар айтылды. Сондай-ақ аудан-ауылдардағы мешіттерге баратын жас имам-молдаларды тұрақтандыру үшін әлеуметтік жағынан қолдау қажет.