Дипфейк арқылы жалған ақпарат тарату шариғатқа қайшы
АСТАНА. KAZINFORM — Исламда дипфейк технологиясын алдау мен зиян үшін қолдануға тыйым салынады, деп хабарлайды Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз қызметі.
Соңғы уақытта жасанды интеллект арқылы жасалатын дипфейк технологиясы кеңінен таралып келеді. Дипфейк (deep learning — «терең оқыту», fake — «жалған») — адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп көрсететін жалған бейнежазбалар жасауға мүмкіндік беретін технология.
— Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына қарсы емес. Алайда кез келген жаңалық адамзаттың игілігіне, әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарына сай, шариғат аясында қолданылуы тиіс. Осыған байланысты технология игі мақсатта пайдаланылса — рұқсат, ал зиян келтіру, алдау немесе жамандық жасау үшін қолданылса — тыйым салынады. Дипфейк арқылы жалған ақпарат тарату, адамдарды алдау, қоғамда іріткі салу шариғат бойынша қатаң түрде харам болып саналады. Мұндай әрекеттер елдің тыныштығына қауіп төндіріп, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығына зиян келтіруі мүмкін, — делінген басқарма таратқан ақпаратта.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кім бізді алдаса — ол бізден емес», — деп, алдаудың кез келген түріне тыйым салған.
Сондай-ақ исламда өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды. Бұл жөнінде хадисте:
«Өзіне де, өзгеге де зиян беруге болмайды», — деп айтылған.
Дипфейк арқылы адамдарды қорқыту, бопсалау немесе жалған айып тағу адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Ал ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең басты құндылықтардың бірі деп есептейді. Тіпті қалжың ретінде қорқытуға да шариғатта тыйым салынған.
Осыған байланысты дипфейк технологиясын пайдаланып жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға және зиян келтіруге ислам дінінде жол берілмейді.
Бұдан бұрын ҚМДБ қайтыс болған адамның ағзасын тірі адамға салу «аманатқа қиянат» емес екенін айтқан еді.