Диплом бар, жұмыс жоқ: Түркияда жоғары білім жұмысқа орналасуға кепіл болудан қалып барады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда жоғары білім мен еңбек нарығы арасындағы байланыстың әлсіреуі қоғамда алаңдаушылық тудыруда. ЖОО түлектері арасында жұмыссыздықтың артуы мен мамандығына сай емес салада еңбек ету жиі кездесетін құбылысқа айналды. 

Диплом без гарантии: высшее образование в Турции все чаще не гарантирует трудоустройство
Фото: ekoturk.com

Жұмыссыз түлектер саны артты

Еуростаттың 2024 жылғы мәліметтері бойынша, Түркия — Еуропаның 33 мемлекеті ішінде жоғары оқу орындары түлектері арасындағы жұмыссыздық деңгейі елдегі жалпы жұмыссыздық көрсеткішінен жоғары болған жалғыз ел. Бұл білім беру жүйесі мен экономика арасындағы құрылымдық теңгерімсіздіктің белгісі ретінде қарастырылып отыр.

Түркия статистика институтының (TÜİK) 2025 жылғы шілдеде жариялаған «Жоғары білім саласындағы еңбек нарығының көрсеткіштері – 2024» атты зерттеуінде 2014-2023 жылдар аралығында диплом алған жастардың көпшілігі ұзақ жұмыс іздеуге мәжбүр болғаны және көбіне өз мамандығына сай келмейтін қызметтерді таңдауға тура келгені көрсетілген.

Бакалавр дәрежесіне ие түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 75%-ға дейін, ал колледж (кіші қызметкер) түлектерінде 66%-ға дейін төмендеген. Орта есеппен бакалавриатты тәмамдаған жас маман жұмыс табуға 14,4 айын жұмсаса, колледж түлектері 16 ай іздейді. Бұл көрсеткіштер университеттердің кадр даярлау жүйесінің тиімділігіне күмән тудырып отыр.

Медицина мен техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары

Сонымен қатар зерттеуде бірнеше оң мысалдар келтірілген. Медицина университеттерінің түлектері ең жоғары нәтижеге жеткен: олардың 96%-ы жұмысқа орналасқан, ал жұмыс іздеу мерзімі орта есеппен төрт айды құраған. Ерекше білім беру, электротехника және логопедия салаларында да 90%-дан астам түлек жұмысқа орналасқан. Жалпы алғанда, денсаулық сақтау саласы — ең ірі жұмыс беруші: бұл секторда жұмыспен қамту деңгейі - 87%.

Колледж бағдарламалары арасында ең жоғары нәтижені кәсіби полиция даярлығы бағытында оқығандар көрсеткен: олардың 92%-ы жұмысқа орналасқан, сонымен қатар осы санатта ең жоғары жалақы да тіркелген.

Сала мен табыс арасындағы айырмашылық

Бакалавр деңгейіндегі ең жоғары орташа табысты мамандықтар — ұшқыштар даярлау, математика, инженерия, медицина және аэроғарыш саласы. Бұл көрсеткіштер күрделі техникалық және тар ауқымды мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді.

Алайда ең алаңдатарлық дерек — мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің аздығы. Бакалавр иелерінің тек 56%-ы, ал колледж түлектерінің 51%-ы ғана өз саласы бойынша еңбек етеді. Бұл айырмашылық, әсіресе әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпараттық технологиялар салаларында айқын байқалады.

Ал медицинада бұл көрсеткіш 80%-ға жуық.

Құрылымдық өзгерістер қажет

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Түркиядағы кадр даярлау жүйесі мен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы алшақтықты айқын көрсетіп отыр. ЖОО-лар, әсіресе гуманитарлық және қоғамдық бағыттар бойынша жұмыс табуға мүмкіндігі төмен мамандарды көптеп дайындап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Түркияның 26 университеті «QS 2026» рейтингі тізіміне енгені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар