Дипломмен ауылға, бірақ баспанасыз – жас мамандар елді мекендерден неге кетіп жатыр

Дипломмен ауылға
Фото: abai.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін қажетті мамандармен нығайту, сондай-ақ ауылдық жерлерде дипломы бар кадрларды ұлғайту мақсатында 2009 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылып жатыр.

Жоба ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мамандардың басты мәселесін шешуге мүмкіндік беретін әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға, атап айтқанда, жеңілдікті шарттармен тұрғын үй сатып алуға бағытталған. Бұл оқуын аяқтап, ауылға баратын мамандар үшін тамаша мүмкіндік болып көрінеді және негізгі талап — осы ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымда тиісті мамандық бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме қабылдау. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, 2020 жылдан бері «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жеңілдікті кредиттеуді пайдаланған мамандар санының қысқаруы бойынша теріс үрдіс байқалды. 2020 жылмен салыстырғанда 2023 жылы олардың саны 30 пайызға кеміп отыр. Мұндай деректі Экономикалық зерттеулер институты ұсынып отыр. 

Бұл ретте, 2019 жылдан бастап біржолғы көтерме жәрдемақы сомасының 1,4 есеге, 252 500 теңгеден 345 000 теңгеге дейін, сондай-ақ бюджеттік кредиттің ең жоғары сомасының 1,4 есеге 2023 жылы 3 784,5 мың теңгеден 5 175,0 мың теңгеге дейін ұлғаюы байқалды. 

Аталған институттың жетекші сарапшысы Динара Мұқышеваның айтуынша, бұл өсім «Дипломмен ауылға» жобасы аясында берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерінің жыл сайын ұлғаюына байланысты емес, АЕК мөлшерінің жыл сайын ұлғаюы есебінен болып отыр. Сонымен қатар, тұрғын үй нарығындағы бағаның жыл сайынғы өсуін ескере отырып, 2023 жылы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшеріне қатысты кейбір өзгерістер енгізілді.

Осылайша, 2024 жылдан бастап аудан орталықтарына келген мамандар үшін бюджеттік кредит мөлшері кредит сомасынан жылдық 0,01 пайыз мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға 1500 АЕК-тен 2500 АЕК-ке дейін немесе 9,2 млн теңгеге, ауылдық елді-мекендер үшін — 2000 АЕК-ке дейін (7,3 млн теңге) ұлғайтылды.

Қалаларда тұрғын үй құнының одан әрі өсуі болатын және болжанатын жағдайларда, жеке тұрғын үй сатып алу немесе салу мүмкіндігі тіркелген мамандар үшін ауылда тұрақты тұру және жұмыс істеу үшін жеткілікті салмақты ынталандыру болуға тиіс еді. Өз кезегінде, бюджеттік несие мөлшерінің ұлғаюы жеңілдетілген несиелеуді пайдаланғысы келетін мамандар санының азаюы мәселесін ішінара шешеді. 

Осы орайда сарапшы мысал ретінде Түркістан облысын келтіреді. Оның дерегінше, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ең жоғары нәтижелерді көрсететін Түркістан облысында көтерме жәрдемақы алған мамандар санының бюджеттік кредит алған мамандар санына арақатынасы — 1:3. Яғни, Түркістан облысының ауылдарына осы жоба бойынша келген әрбір үшінші маман ғана жеңілдікпен кредит арқылы тұрғын үй сатып алды.

Динара Мұқышеваның айтуынша осыған ұқсас жағдай жалпы республика бойынша да байқалды.

«Мәселен, соңғы үш жылда ауылдық елді мекенге келген мамандар азайып барады және «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ұсынылатын екі әлеуметтік қолдау шаралары арасындағы алшақтық артып келеді. Негізгі мәселе кредиттің ұсынылатын мөлшерінің жеткіліксіздігінде ғана емес, сонымен қатар халықтың кредиттелуінде, теріс кредиттік тарихтың болуында, тұру үшін қажетті қолайлы жағдайлармен жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үйдің болмауында, ауылдық жерлерде жалақының төмен болуында және халық шығыстарының арттыруында, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктері туралы хабардарлықтың төмен болуында жатыр», — деді ол.

Айталық, ауылдық жерлерде білім беру саласындағы маманның жалақысы 2023 жылы 240,5 мың теңгені құраған.

«Республика бойынша жан басына шаққандағы ақшалай шығындар орта есеппен 260,8 мың теңгені құрайды. Ал ай сайынғы төлем сомасы «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ең ұзақ мерзімге ең көп соманы қарыз алу шартымен 2023 жылы шамамен 30 мың теңге болды. 2024 жылы аудан орталықтарының мамандары үшін 50 мыңнан сәл астам теңгені және ауылдық елді мекен мамандары үшін 40,5 мың теңгені құрап отыр. Демек, ауылдық жерлерде білім беру саласындағы маманның тіпті жеңілдікті шарттар бойынша да тұрғын үй сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ», — деді сарапшы.


«Дипломмен ауылға» жобасы аясында бюджеттік кредит алған мамандар саны төмендеуінің келесі себебі — ауданның көптеген елді мекендерде сатуға арналған тұрғын үйдің болмауы. Оның ішінде 70-жылдары салынған абаттандырылмаған тұрғын үй «Дипломмен ауылға» жобасының критерийлеріне сәйкес келмейді, Мамандардың да көңілінен шықпайды.

«Жас мамандардың кетуі және ауылдық елді мекеннен баспана алуға құлықсыздығы орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың болмауымен де байланысты. Бұл ретте, біздің ойымызша, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін реттейтін қолданыстағы қағидаларда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны төмендетілген», — деді сарапшы.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен немесе 2023 жылы 158,7 мың теңгеден аспауы тиіс. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, республика бойынша ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салуға жұмсалған орташа нақты шығындар 127,4 мың теңгені құрады.

Алайда, Қазақстанның бірқатар облыстарында, мысалы Абай (172,9 мың теңге), Жетісу (158,6 мың теңге), Ақмола (161,0 мың теңге), Алматы (166,0 мың теңге), Шығыс Қазақстан (175,6 мың теңге) облыстарында 1 шаршы метр құрылысқа жұмсалатын орташа нақты шығындар тек республикалық мәндерден ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы қағидаларда көзделген шығындар сомасынан да асып түседі.

«Сонымен қатар, құрылыс аяқталғаннан кейін ауылға келген және „Дипломмен ауылға“ жобасы аясында қолдау алған маман Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тұрғын үйді пайдалануға беруді жүзеге асыратындығын назарға алу қажет. Бұл да қаржылық шығындарды көздейді. Осыған байланысты құрылысқа бөлінетін сома елдің бірнеше өңірінің ауылды елді мекендері мамандары үшін жеткіліксіз болуы мүмкін», — деді ол.

Институт «Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылу барысын талдауды негізге ала отырып, өңірлердегі тұрғын үй құнына қарай бюджеттік кредит мөлшерін саралау мүмкіндігін қарастыру ұсынып отыр.

«Халықтың кредиттелуінің жоғары деңгейін және теріс кредиттік тарихтың болуын, бұл мамандарға жеңілдетілген ипотека алуға мүмкіндік бермейтінін назарға ала отырып, мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің балама нұсқасын қарастыру қажет. Өйткені іс жүзінде әртүрлі өмірлік жағдайлар болуы мүмкін. Ал қағидалар оларды қолданудың өзгергіштігі тұрғысынан жетілдірілуі керек. Бұдан басқа, бюджеттік кредиттерді өтеу қажеттілігінің болмауы ауылдық елді мекенге келген мамандардың қолда бар табысын арттырады», — деді Динара Мұқышева.

Соңғы жаңалықтар