Дмитрий Баландин Asia Aquatics ұйымының басшылық құрамына енді
АСТАНА. KAZINFORM — Олимпиада чемпионы және Qazaq Aquatics қоғамдық ұйымының бас хатшысы Дмитрий Баландин Азиядағы су спорты түрлерін дамытуға жауапты құрлықтық ұйым — Asia Aquatics бюросының мүшесі болып тағайындалды.
Бұл шешім Токиода өткен Asia Aquatics конгресінде қабылданды. Конгреске Қазақстан атынан «Qazaq Aquatics» РҚБ президенті Нұрлан Жақыпов, бас хатшы Дмитрий Баландин, федерацияның вице-президенті Мират Өтепов және Қуаныш Омарбеков қатысты.
Жаңа қызметте Баландин Азия су спорты бюросының жұмысына қатысып, континенттік деңгейде су спортын дамытудың негізгі мәселелерін талқылайды.
Айта кетейік, 15-17 қазанда Астанада алғаш рет суда жүзуден World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 әлем чемпионатының кубогі өтеді. Қазақстанның астанасына әлемдік жүзу спортының жетекші спортшылары мен жұлдыздары келеді. Бұл кубок — Баку мен Ташкентте өткен жарыстардан кейінгі Жібек жолы турының соңғы кезеңі.
Еске салайық, бұған дейін Дмитрий Баландин Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы қызметіне тағайындалғанын хабарлағанбыз.