Дмитрий Попко АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: sports.kz

Дүниежүзілік рейтингіде 236-орында тұрған Д.Попко бастапқы матчын әлемнің 170-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриномен өткізді.

Бірінші партияда италиялық спортшы басым түсті – 6:4.

Екінші сетте Д.Попко 2:0 есебімен алға кеткенімен, қарсыласы таразы басын теңестірді. Дегенмен тай-брейкте қазақстандық теннисші сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Үшінші – шешуші партияда Попконың құлашы жазыла түсті – 6:2.

Екі сағат жарымға созылған бәсекеде Дмитрий 7 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Пеллегрино 3 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.

Д.Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 114-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбошпен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 215-ракеткасы Михаил Кукушкин бүгін рейтингіде 235-сатыдағы аргентиналық Николас Кикермен кортқа шығады.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты. Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда америкалықтар Мэдисон Бренгл – Лорен Дэвисті тізе бүктірді – 7:6 (7:5), 2:6, 10:7.

А.Данилина мен А.Крунич жартылай финалға шығу үшін жапониялық Мию Като – индонезиялық Алдила Сутджиадимен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық 6 жасар теннисшінің Рафаэль Надаль академиясы турнирінің финалисі атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Таиланд турнирін жеңіспен бастады.


Фото: qazsporttv.kz


Соңғы жаңалықтар