Дмитрий Попко Колумбиядағы жарыстың ширек финалына шықты

попко
Фото: спортшының Instagram парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 187-ракеткасы Дмитрий Попко Богота (Колумбия) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Д. Попко екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 307-орында тұрған ұлыбританиялық Джей Кларкпен бетпе-бет келді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:2 есебімен басым түсті. Екінші сетте 5:2 есебімен алға кеткенімен, өз геймін беріп қойды. Дегепмен матчты жеңіспен түйіндеді — 6:4. 

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесуде Попко 6 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың төртеуін ғана пайдаланды. Кларк 1 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.

Дмитрий Попконың ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Александр Бублик Монреаль (Канада) мастерс турнирінің алғашқы айналымында-ақ ұтылып қалды.

Ол әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Бен Шелтонға жол берді — 6:7 (4:7), 2:6.

Дегенмен А.Бублик жұптық сында дәл сол Б.Шелтонмен бірге екінші айналымға өтіп, жарысты жалғастырады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарросқа іріктеуде 6 қазақстандық жас теннисшінің алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram