Дмитрий Попко Мексикадағы жарыстың финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 245-ракеткасы Дмитрий Попко Морелия (Мексика) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.

Дмитрий Попко
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 204-ракеткасы, франциялық Уго Греньенің мысын басты.

Д.Попко қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Бір сағат 28 минутқа созылған бәсекеде Попко 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Гренье 2 эйспен шектелді.

Дмитрий Попко финалда әлемнің 95-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен бас жүлдені сарапқа салады.

Д.Дакворт жартылай финалда тағы бір қазақстандық, рейтингіде 215-орындағы Бейбіт Жұқаевты жолдан тайдырды — 6:2, 6:4.

Бір сағат 8 минутқа созылған матчта Жұқаев 10 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Дакворт 5 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде Д. Попко 214-інші, Б.Жұқаев 191-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы жарыстың 4-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Мексикадағы турнирдің жартылай финалында ойнайды. 

Соңғы жаңалықтар