Діндер көшбасшылары съезі: Рим Папасы XIV Лео құттықтау жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Рим Папасы XIV Лео елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Съезінің қатысушыларына құттықтау жолдады.

Рим Папасы сөз басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдіріп, жер жүзінің түкпір-түкпірінен ескі достықты жаңартуға және бөлшектенген әлемнің жарақатын жазу жөніндегі ортақ мақсат біріктірген ниеттес жаңа достарды табуға зор қадам жасап отырғанын баса айтты.
— «Синергия» өз мәнінде — бір-бірімен де, Жаратушымен де бірлесіп жұмыс істеуді білдіреді. Әрбір шынайы діни серпін өзара тәуелділікті тумысынан түсінуге негізделген, жеке адамдарды да, тұтас ұлттарды да байланыстыратын диалог пен ынтымақтастыққа ынталандырады. Осы тұрғыдан алғанда, өзара үйлесімді әрекетке деген ұмтылыс тек іс жүзіндегі таңдау ғана емес, сонымен бірге ақиқат тәртібінің көрінісі болып табылады. Бұл біртұтас адамзат отбасының мүшелері ретінде біздің бірге болуымыздың мәніне сәйкес келеді. Осыны ұғыну біздің ар-ожданымыздың терең түкпірінде шынайы ынтымақтастық сезімін тудырады — біз бір-біріміз үшін жауап береміз деген сенім оянады. Осылайша, ынтымақтастық — бұл іс-әрекеттегі синергия: көршісіне деген сүйіспеншілік туралы өсиетті жаһандық ауқымда жүзеге асыру, — деді ол.
Рим Папасы мұндай ынтымақтастық айырмашылықты жоюға емес, керісінше, алуандықты өзара байыту көзі ретінде қабылдауға шақыру екенін атап өтті. Сондай-ақ ол 2019 жылы Абу-Дабиде Рим Папасы Франциск пен Аль-Азхардың Ұлы имамы Ахмад әл-Тайеб қол қойған Жалпыға ортақ бейбітшілік және бірге өмір сүру жолындағы адамның бауырластығы туралы құжат діни синергияның жаһандық бейбітшілік пен қатар өмір сүруге қалай ықпал ететіні туралы нақты жол картасын ұсынғанын назар аудартты.
— 2022 жылы өткен Съезд отырысында біз дәл осындай рухани оқиғаның куәсі болдық. Онда әртүрлі діндердің жетекшілері, оның ішінде Рим Папасы Франциск зорлық-зомбылық пен экстремизмді айыптау, босқындарды қорғау және бүкіл көшбасшыларды бейбітшілік жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақыру үшін жиналды. Ол мәлімдеме жоғары деңгейдегі нақты іс-әрекеттерде көрініс тапты: табиғи апаттар болған кезде, босқындар үйлерінен кетуге мәжбүр болған кезде, отбасылар өте кедейлік пен аштықтан зардап шеккенде — діни қауымдастықтар жиі бас қосты, иық тіресіп, мұқтаж адамдарға үміт пен жеңілдік әкелді. Біз ұмтылған болашақ — бейбітшілік, бауырластық пен ынтымақтың болашағы — білектердің бірігуі мен жүректердің жылылығын талап етеді. Діни лидерлер қоғамның ең осал мүшелерін қорғау ісінде бірге тұрып, ортақ үйімізге қамқорлық жасау ниетімен ағаш отырғызғанда немесе адамның қадір-қасиетін қорғау үшін бірге үн қатқанда олар ақиқатты дәлелдейді: сенім адамдарды алшақтатпайды, қайта топтастырады. Синергия осылайша, күллі адамзатқа қуатты үмітке айналады, бұл діндердің түпкі мағынасы қақтығыс емес, арылу мен татуласудың қайнар көзі екенін көрсетеді, — деді Рим Папасы.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтіп жатыр.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.