ДНҚ және шежіре: қазақ руларының тарихы қалай зерттеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Адамзаттың шығу тегі, ата-бабамыздың тарихы және халықтардың қалыптасуы туралы көптеген сұрақтың жауабын бүгін ғылымнан табуға болады. Әсіресе генетикалық зерттеулер арқылы халықтардың ежелгі байланысын, көші-қон жолдарын және генетикалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік бар. Қазақстанда да бұл бағытта маңызды зерттеулер жүргізіліп келеді.
Енді осы орайда Қазақ халқының генетикалық тарихы бізге не айтады? ДНҚ арқылы ата-тегіміз туралы қаншалықты нақты ақпарат алуға болады? Бұл туралы Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
ДНҚ зерттеуі адамның генетикалық ерекшеліктерін ғана емес, ата-бабалары мен тарихи популяциялардың арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Алайда генетикалық зерттеу нәтижесіне сүйеніп, белгілі бір адамның тарихи тұлғаның тікелей ұрпағы екенін бірден айтуға болмайды.
Мақсат Жабағиннің айтуынша, мұндай байланысты анықтау үшін тарихи тұлғаның генетикалық үлгісі мен оның болжамды ұрпақтарының ДНҚ-сын салыстыру қажет.
— ДНҚ — ата-бабамыздан берілетін генетикалық ақпаратты сақтайтын молекула. Ол жасушаларымыздағы хромосомалардың құрамында орналасады. Бірақ ДНҚ-ға қарап, «мен пәленше батырдың ұрпағымын» деп бірден кесіп айтуға болмайды. Ол үшін арнайы зерттеу жүргізілуі керек. Мысалы, тарихи тұлғаның сүйегі сақталған болса, одан ДНҚ үлгісін алып, кейінгі ұрпақтарының генетикалық материалымен тікелей салыстыруға болады. Егер сәйкестік жоғары болса, сол тұлғамен тікелей туыстық байланыс бар екенін анықтауға мүмкіндік туады, — деді Мақсат Жабағин.
Генетик қазақ руларының шығу тегін зерттегенде де осы ерекшелікті ескеру қажет екенін атап өтті. Шежіре бойынша бір рудың өкілдері өздерін ортақ атадан тараған деп есептеуі мүмкін. Олардың генетикалық материалын салыстыру арқылы ортақ атадан бері қарай сақталған мутацияларды анықтауға болады.
— Әсіресе әкеден ұлға берілетін Y-хромосома ұрпақтан-ұрпаққа белгілі бір генетикалық белгілерді сақтап отырады. Арнайы әдістер арқылы осы белгілерді зерттеп, адамдардың ортақ атасының болған-болмағанын және оның шамамен қашан өмір сүргенін анықтауға болады, — деді ол.
Сонымен бірге Мақсат Жабағин бір рудың барлық өкілі міндетті түрде бір ғана биологиялық атадан тарады деген тұжырым жасауға болмайтынын айтты.
— Кез келген қазақ руының барлық өкілі тек бір атадан тарады деп айта алмаймыз. Зерттеу барысында, мысалы, белгілі бір топтың 70-80 пайызында ұқсас Y-хромосома болуы мүмкін. Бірақ қалған адамдарда басқа генетикалық тармақтар кездеседі. Себебі ру — таза биологиялық ұғым емес, әлеуметтік және мәдени бірлік. Сондықтан ру мен генетиканы зерттегенде осы айырмашылықты ескеру керек, — деді Мақсат Жабағин.
Ғалымның генетикаға қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Кейін Мәскеудегі оқу ордасында биология факультетінің генетика кафедрасында білім алып, осы бағытта зерттеу жүргізуге кіріскен. 2012 жылдан бері генетика саласында ғылыми зерттеулермен айналысып келеді.
Оны көптен бері толғандырып келе жатқан мәселелердің бірі — адамзаттың ежелгі тарихы мен биоалуантүрлілігі.
— Мені ерекше адамзаттың ежелгі тарихы қызықтырады. Шамамен 100 мың жыл бұрын Жер бетінде адамзаттың бірнеше түрі қатар өмір сүрген. Олардың арасында біз — Homo sapiens, неандертальдықтар, денисовалықтар және Флорес аралында өмір сүрген, ғылыми әдебиетте «хоббиттер» деп аталып кеткен адамдар болды. Ал бүгінде солардың ішінен Homo sapiens қана сақталып отыр. Неліктен адамзаттың басқа түрлері жойылып кетті? Неліктен бүгінгі күнге дейін біз ғана жеттік? Бұл — мені әлі де толғандыратын, зерттеуді қажет ететін үлкен ғылыми сұрақтардың бірі, — деді Мақсат Жабағин.
Айта кетейік, Гонконг қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған ДНҚ тестін әзірлеп жатыр.