Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы дүниеден озды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Дінмұхамед Қонаевтың туған қарындасы, ғалым, микробиолог, профессор Рауза Қонаева 91 жасында өмірден өтті.
Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек естіртті.
Депутат марқұмның адамгершілік болмысы мен ұстаздық қасиетін еске алды.
— Ол әрдайым адамға тура қарап сөйлейтін. Айтар сөзін ойланып, адамға нақты керек-ау дейтін сөзді таба білетін. Әрдайым жымиып жүретін, ішіндегі уайымы мен үрейін ешқашан көрсетпейтін, — деп жазды ол.
Рауза Қонаева 1934 жылы Алматы облысы Шілік ауылында туған. 1952 жылы ол М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, оны 1956 жылы үздік аяқтады.
Сол жылдан бастап 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасының Ғылым академиясында еңбек етіп, отандық ғылымның дамуына зор үлес қосты.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш Бас мүфтиі, құрметті мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы дүние салғанын жазғанбыз.