Дінмұхаммед Қошқар Олимпиада жолдамасын уысынан шығарып алды
ЫСТАНБҰЛ. KAZINFORM — Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Олимпиадаға іріктеу турнирінде қазақстандық грек-рим шебері Дінмұхаммед Қошқар шешуші сында қарсыласына жол беріп, Париж олимпиадасының жолдамасын уысынан шығарып алды.

67 келі салмақта сынға түсіп жатқан отандасымыз шешуші белдесуде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері египеттік Мохамед Ибрахим Елсайедке 0:8 есебімен ұтылып қалды.
Дінмұхаммед бірінші жұбаныш белдесуінде ресейлік қарсыласы Аслан Висаитовтан басым түссе, екінші жұбаныш белдесуінде Азия чемпионатының қола жүлдегері қытайлық Лей Лидді 10:0 есебімен таза ұтқан еді.
Өкінішке қарай, жолдамаға бір қадам жерден сүрінді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әйелдер құрамасы түгелімен қарсыластарына жол беріп, ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Енді еркін күрестен 57, 65, 74 келіде балуандар жарыс жолына шығады.
Айта кетейік, бүгінгі уақытта күрес түрлерінен Олимпиада ойындарына 7 жолдама бар. Оның 4-еуін грек-рим күресінің өкілдері иеленсе, 3-еуі — еркін күрес шеберлерінің еншісінде.
Өкінішке қарай балуан қыздарымыз әлі бір де бір жолдамаға қол жеткізе алған жоқ.
Түркияда өтіп жатқан әлемдік турнирде әр салмақтан үздік үштікке енген балуандарға Париж Олимпиадасының жолдамасы табыс етіледі.