Доктрина - ортақ ой-пікірдің жемісі - А.Әйтімов, БҚО

Бұл - ең алдымен аппараттық жұмыстың емес, бастауыш партия ұйымдарынан бастап барлық деңгейде Доктрина жобасының кеңінен талқылануының, яғни ортақ ой-пікірдің жемісі. Бұл туралы съезд делегаты, Қазақстан инновациялық технологиялар орталығының президенті, БҚО мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Ақсерік Әйтімов мәлім етті.
Оның айтуынша, талқылау нәтижесінде көптеген ұсыныстар енгізіліп, ол құжатты қабылдаған кезде барынша ескерілді.
«Инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын жоғары мектеп өкілі ретінде маған қазіргі кезеңге сай білім мен технологияны дамыту туралы ой етене жақын. Қазақстан болашағын зиялы ұлт пен инновациялық экономиканы қалыптастырумен байланыстырсақ, мұның маңызы арта түседі. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін «Нұр Отан» партиясы ғылым мен білімді дамытуға белсенді ықпал ететін болады. Бұл ретте жоғары оқу орындары өз кезегінде жастардың инновациялық және шығармашылық мүмкіндігін жүзеге асыруына жан-жақты көмектесуі тиіс. Сөйтіп біз ел экономикасының тұрақты өсуінің және қазақстандықтардың ел-аухатының артуының нық негізін қалайтын боламыз», деді А.Әйтімов.