Доктринаның өне бойында Тәуелсіздік хақындағы тамыры терең, қазығы берік концептуалды көзқарас мол - Сенат депутаты Нұрлан Оразалин

Сенатордың съезде сөйлеген сөзі «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланып отыр.
"Қазақстан өз дамуының жаңа сатысына көтерілді.
Елбасының тікелей басшылығымен Ұлы Даланың үлкен жүректі халқы «Қазақстан-2030» Стратегиясының негізгі межелерін мерзімінен бұрын орындады.
Бірлік пен Келісім, Еңбек пен Табандылық, Ерік пен Жігер жеңіске жетті!
Көк түріктердің көсемі, алғыр ойлы, алып жүректі бабамыз Күлтегіннің сөзімен айтқанда, «Тәңір қолдады. Біз жеңдік!» Ұлт Көшбасшысы бастаған қара орман халқымыз қысқа мерзім ішінде әлемді аузына қаратар қабырғалы мемлекет құрды.
Дүние өзгерді. Батыс, Шығыс дейтін ежелгі ұғымдардың да ара-салмағы өзгерді.
Жұмыр жердің төсіне жаңа дәуір өз ықпалын жүргізе бастады.
Ол дәуір - жаңалықтар мен қым-қуыт өзгерістердің, жұмбағы мен сыры мол Жаһанданудың дәуірі.
Көзқарастар мен ұстанымдарға тікелей ықпал ету арқылы адам санасын белгілі бір бағытқа бұру, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық ойлау мен сөйлеу мәдениетінен бастап, халықтық болмысты, елдік әдет-ғұрыптарды, тіл мен дінді жасанды өзгерістер кеңістігіне алып шығу, бір сөзбен айтқанда, төл топырағы жаратқан құндылықтарды тежеу, адамдардың бойына нигилистік тәрбиені байқатпай егу, өркениеттер қақтығысын қолдан жасау, мемлекеттердің ішкі ісіне жылыстап кіріп, шаңырағын шайқау, төрін тілгілеу секілді әрекеттерге бару қазіргі таңда аса қиындық тудыра қоймайтын іске айналып тұр.
Бұл - уақыт шындығы.
Бүгінгі Құрылтайдың күн тәртібіне енген Саяси доктрина осындай ел өміріндегі ұлы өзгерістердің түйінделер тұсымен, жаңа дәуір жағдайындағы әлемдік ахуалдың сұрақ, сауалы молайып тұрған кезімен тұспа-тұс келіп отыр.
Біз - интеграцияға батыл енген посткеңестік мемлекеттер арасындағы алғашқы елдердің біріміз. Көпвекторлы саясат - басты ұстанымымыз. Көпұлт өкілдерінің бір атаның баласындай тату тұруымызда да арғы бабаларымыз - Әл-Фараби, Абай, Шоқандардан келе жатқан, қанымызға сіңген еуразиялық тұлғаларға тән ойлау жүйесінің аса көрнекті мемлекет қайраткері, ел басқару ісінің реформаторы, Ұлт лидері Нұрсұлтан Әбішұлының бойында молдығынан екенін әлем танып, мойындап, бағалап отыр.
Жеңістеріміздің арқауы - Ел мен Елбасы бірлігі.
Бұл - уақыт сынынан мүдірмей өткен шындық.
Айтулы құжат адам ойы мен санасын тазарту кезеңі келгенін сезіне отырып, содан арылуға, осыған дейінгі уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, экономикалық және рухани бағыттарымызды жетілдіруге шақырады. Доктрина жүргізіліп келе жатқан сара саясаттың жетістіктерін дәйектейтін әрекеттерге қанат бітіре отырып, әрбір қазақстандықты тәуелсіздік атты киелі де қасиетті басты құндылығымызды қастерлеуге төгіп-шашпай, болашақ ұрпаққа басы бүтін жеткізуге міндеттейді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мақсатымыз айқын - эволюциялық дамуға, бірлік пен келісімге негізделген, заң талаптарына мойынұсынар, еңбекқор, зияткер, әділ, бәсекеге қабілетті азаматтардың үйлесімді, демократиялық қоғам қалыптастыру, халық мүддесіне қызмет етер, ашық әлеуметтік бағдарлы, мемлекет құру.
Тәуелсіздікке қызмет ету!
Тәуелсіздік мұраттарын қорғау!
Тәуелсіздік тудырған ұлттық ұстанымдарды бекіту!
Тәуелсіз елдің сындарлы саясатын орнықтыру!
Тәуелсіз елді өзгенің кең астауына жалтақтатпайтын дербес экономикалық бағытты тиянақтау!
Тәуелсіз рухани кеңістікті қалыптастыру, төл мәдениетімізді өрістету тәрізді жаңа тұрпатты мемлекетті құру мен дамытудың осындай қадау-қадау қағидаттарын Президент үздіксіз айтып келеді.
Жаңа Саяси доктрина съезд делегаттарының талқысына түспес бұрын, жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Нәтижесінде біраз өзгерістер енгізілді. Соның бірі - Алматы қаласындағы шығармашылық тұлғалардың қатысуымен болған жиын. Жиында тіл, мәдениет, ғылым, жастар, отбасы секілді құндылықтар жайлы айтылған ұсыныс-пікірлер жобаның соңғы нұсқасынан көрініс тапқаны қуантады. Осы тұста төмендегі үш мәселеге тоқталғым келеді.
Доктрина жобасына «Біздің құндылықтарымыз» дейтін арнаулы тараудың енгені, Қазақстан халқының имандылық болмысы мен отаншылдық рухын қалыптастыруға айрықша мән берілгені.
Адам, Бостандық, Заңның үстемдігі, Әділеттілік, Ынтымақшылық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы және дәстүр секілді киелі жеті санға негізделген жеті түрлі ұғымның бекем қағылған жеті қазығындай, жеті қат дүниенің жеті қазынасындай елестейтін, тамыры терең имандылық әлеміне жетелейтін осы бір әрі қазақы, әрі адами құндылықтарға Доктринадан ойып орын берілгені құптауға лайық.
Доктрина жобасында тіл туралы табанды ұстанымның бой көрсетуі.
Мемлекеттік тіл мәртебесін тұғырына қондыру туралы Президентіміз дүркін-дүркін айтып келеді. Елбасының «2050 Стратегиясында:» «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді Қазақ мемлекеті деп айтатын боламыз» деген тарихи сөзі күллі қазақстандықтардың жадында.
Осы сөздерді естігенде Абай, Махамбет, Жамбылдың аруақтары бір аунап түскендей елестеп еді.
Енді, міне, сол ой, сол тұжырымдама Доктринада өз жалғасын тапқан.
Доктринаның өне бойында Тәуелсіздік хақындағы тамыры терең, қазығы берік концептуалды көзқарас мол.
Азаттық үшін тұрысқан Анарыс пен Майқы бидің дәуірінде де, Азаттық үшін ат үстінде жүріп алысқан Қасым хан мен Есім ханның кезеңінде де ел тәуелсіздігі күн тәртібінен еш түскен емес. Елбасы сөзімен айтар болсақ, «алыптар дәуірінің» тізгінін ұстаған алып Абылай үшін арман болған, бүгінде төрткүл дүние мойындаған сол Азаттығымызға - қазақтың қолы енді ғана жетіп отырған жоқ па?!
Ұлы классиктеріміздің бірі Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде»: «Мына Далаға сыймай емес, сыйыспай жүрген жоқпыз ба?!» дейтін сөзі бар.Тұспалдап болса да тура айтылған сөз. Нар мінезді бар қазақ сөзге әлімсақтан тоқтаған. Біз сондай халықтың ұрпағымыз! Мәңгілік Ел болуды көксеген жұрттың жалғасымыз...
ХХ ғасырдың басында алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол - ұлттық ынтымақ қана!» деген.
ХХ ғасырдың соңы қазақты сол Бостандыққа жеткізді.
Енді, міне, ХХI ғасыр келді. Қолымызға қонған сол бостандықты сақтаудың да жалғыз жолы - ұлттық ынтымақ екеніне бүгінде көзіміз жетіп отыр.
Тәуелсіз Қазақ жұртының тағдырын ойлайтын күллі Зиялы қауым, сол санатта еліміздегі барлық саяси күштер осы Доктринаның тұсында сыйысу, ұғысу дейтін ұлт басын біріктірер уәжге жүгінер деген ойдамын.
Ел мен Елбасы дейтін егіз ұғым - бір тудың аясына жиналар, жинақталар нағыз кезеңнің келгені анық", - деп жазылған мақалада. .