Ұлттық ұлан жауынгерлері бөгет салу үшін 1 млн астам құм толтырылған қап дайындады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық ұлан жауынгерлері еліміздің су басқан елді мекендерінде бөгеттер салу үшін 1 млн астам құм толтырылған қап дайындап, төседі.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Қазақстанның батыс өңірлерінде су тасқыны жағдайы күрделі екендігі белгілі. Соған байланысты Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Азаматтарды хабардар ету және тиісті құрылымдармен теле және радиоқабылдау әр төрт сағат сайын жүргізілуде. 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

«Басқа өңірлерден қосымша күштер мен күштік ведомстволардың, оның ішінде ҚР Ұлттық ұланының құралдары тартылып жатыр. Мәселен, 6506-әскери бөлімінің (Шымкент қаласы) 300 әскери қызметшісі және 5547-әскери бөлімі (Қызылорда) жеке құрамының 200 адамы Батыс Қазақстан облысында жағалауды нығайту жұмыстарына, қапшықтарды дайындауға және салуға көмектесіп жатыр. Ал Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімінің 80 әскери қызметшісі патрульдік-бекеттік қызмет атқарып жатыр. Тағы 300-ге жуық адам су тасқынына қарсы іс-шараларда жергілікті тұрғындарға жәрдем беруде. Жалпы, БҚО-да 18 автокөлікке қоса 900-ге жуық ұландықтар тартылды, сондай-ақ Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерлерінің бір тікұшағы жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Ұлттық ұланнан түскен мәліметке қарағанда, сарбаздар күндіз-түні су басқан аумақтарда қызмет етеді. Эвакуацияланған тұрғындардың үйлерінде мүліктерінің жоғалмауына да қолдарынан келген көмегін беріп жатыр. Ақтөбе қаласында орналасқан 6655-әскери бөлімінің 400-ден астам әскери қызметшісі «Заречный» және «Кирпичный» шағын аудандарында патрульдік-бекеттік қызмет атқаруда. Қауіпсіздік мақсатында сарбаздар азаматтарды су басқан үйлерге жібермейді. Жеке құрам тонау әрекеттерін болдырмауға да күш салып жатыр. Бұл бағытта 17 техника мен Ұлттық ұланның бір тікұшағы тартылды. 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Атырау облысына 5546-әскери бөлімі (Атырау қ.) және 5451-әскери бөлімі (Қарағанды қ.), сондай-ақ Қостанайдан 6697-әскери бөлімі және Петропавлдан 6637-әскери бөлімінің әскери қызметшілері, ҚР Ұлттық ұланы Петропавл академиясының курсанттары, 570-тен астам ұландық тартылды. Оларға елордалық жедел бригада мен авиациялық базадан тәртіп сақшылары көмекке жіберілді. Осы солтүстік аймақтардағы Ұлттық ұланның күштер тобында 400-ден астам адам, 13 автокөлік және бір тікұшақ бар. 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жалпы, құқық тәртібі әскерлерінің 3 мың жауынгері полицейлермен, құтқарушылармен, еріктілермен бірлесіп су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып жатыр. Ұлттық ұланның 6 әуе кемесін – төрт МИ-171Е тікұшағын және екі Y-8 әскери көлік ұшағын тарту жалғасып жатыр. 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Су тасқыны басталғаннан бері 120-дан астам автомобиль техникасы пайдаланылды. Ұландықтар 1753 адамды эвакуациялады, инертті материалдары бар 1 миллион 53 мыңнан астам қапшықтар дайындады және төседі. Сондай-ақ 138 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 864 сантиметрді көрсеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар