Долларды қабылдамаса не істеу керек: Ұлттық банк түсініктеме беріп өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қолдануға жарамсыз шетел валютасының банкноталарын сатып алу және сату тәртібі қандай. Бұл туралы Ұлттық банк түсіндіріп өтті. 

доллар
Фото: Unsplash

Қазақстан Ұлттық банкі тұрғындар тарапынан жиі түсіп жатқан өтініштерге байланысты ел аумағында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру тәртібін, соның ішінде банкноталарды айналымға жарамды деп тану қағидалары мен айырбастаудан негізсіз бас тартылған жағдайда әрекет ету тәртібін түсіндіреді.

Айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес:

— тиісті эмитент-елдің аумағында заңды қолма-қол төлем құралы саналатын;

— эмитент елдің анықтамалық материалдарында көрсетілген толық сипаттамаға сәйкес келетін шетелдік валютадағы банкноталар заңды төлем құралы түрінде айналымға жарамды деп танылады.

Төлемге қабілетсіз және қолдануға жарамсыз шетел валютасының банкноталарын сатып алу және сату тәртібі

— Тиісті шет мемлекеттің эмитент-банкі айналымнан шығарған жағдайда, шетелдік валюта банкноталары — төлемге қабілетсіз, ал жыртылған, бүлінген және басқа да міні болса — жарамсыз деп танылады. Ондай белгілердің толық тізбесі ҚҰБ сайтында бар. Мұндай банкноталарды инкассалық операция жүргізуге шетелдік банктермен шарт жасасқан уәкілетті банктер ғана сатып алады және ауыстырады. Мұндай операциялардың комиссиясы номиналды құнының 10%-нан аспауға тиіс. Бұл ретте клиент инкассо шарты көрсетілген жазбаша келісімге қол қояды және оған эмитент-банк (шетелдік банк) айырбастаудан бас тартуы мүмкін екені туралы ескретіледі, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айналымға жарамды шетелдік валюта банкноталарын сатып алу және сату кезінде негізсіз бас тарту жағдайындағы іс-қимыл тәртібі

Егер айналымға жарамды болса, қолма-қол шетел валютасының номиналы мен шығару жылына шектеу болмайды.

Жеке тұлғаның қолында шетелдік және ұлттық валютада қажет сомасы болған жағдайда, айырбастау пункті мына жағдайларды есепке алмағанда, валюта айырбастаудан бас тартуға құқылы емес:

— КЖТҚҚ туралы заң талаптарында көзделген шаралар қолданылғанда;

— жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжат сервисі арқылы жеке басын растайтын деректі ұсынбағанда.

Айырбастау операциясынан негізсіз бас тартылған жағдайда азаматтар айырбастау пункті орналасқан жердегі Ұлттық банктің аумақтық филиалына шағым түсіруге құқылы. Шағымда бас тарту себебі толық көрсетіліп, заң талабына сай тиісті шара қабылдау үшін қолда бар құжат қоса берілгені жөн.

ҚҰБ аумақтық филиалдарының байланыс деректері туралы ақпаратты ҚҰБ ресми интернет-ресурсынан табуға болады.

Айта кетелік Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бағдарламасының жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаларға әсері туралы зерттеу қорытындысын жариялаған еді

Соңғы жаңалықтар