Домбыра мені өзіне ерекше баурай түсті - қызылордалық жас өрен

Аделина Финансова
Фото: Кейіпкерден

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Аделина Финансова қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Қазір ол домбыраны жақсы меңгеріп, әндер мен күйлерді жоғары деңгейде орындауды жақсы меңгеріп келеді.

Аделинаның домбыра үйренуге деген қызығушылығы жетінші сынп оқып жүргенде басталған екен. Музыка әлеміне жаны жақын жас өренді домбыра бірден-ақ баурай түсті. Алғашқыда ұстазы Жәнібек оны қалай ұстау қажеттігін үйреткен. Домбыраны үйренуге деген қызығушылығы артқан Аделина қазір қазақтың көптеген әндері мен күйлерін орындауға машықтанып алды.

«Әрбір музыкалық аспаптың өз құпиясы, өз сыры бар. Сол арқылы әрбір халықтың жан дүниесіне бойлай түсетінің анық. Өзім музыкаға жақынмын. Сондықтан музыкалық аспаптарды үйренуге ықыласым ерекше. Қазақ халқының болмыс-бітімін айшықтайтын домбыра мені өзіне ерекше баурай түсті. Сол себепті оны үйренуге шешім қабылдадым. Бұл мақсатта арнайы дәріс алуға шешім қабылдадым. Оған ата-анам да қарсы болған жоқ. Қолдау білдірді. Осылайша домбыра үйірмесіне бардым. Бұл жөнінен алғашқы ұстазым болған Жәнібек ағайға алғыс айтамын. Ол кісі ынта-ықыласымды байқап, бірден домбыраның қыр-сырын үйрене бастады. Сырт көзге барлығы оңай көрінетін шығар. Десе де мен өз мақсатыма жетуге бар күшімді салдым. Бүгінде домбыраны үйреніп, көптеген шығармаларды орындай алатын деңгейге жеттім. Қазір қосымша домбыра сыныбына барып жүрмін. Менің болашақта биохимия саласының маманы болғым келеді», - дейді ол. 

Аделинаның әкесі - орыс, анасы - қазақ. Достарының барлығы - жергілікті ұлт өкілдері. 

«Отбасында әкем, анам, мен және інім бар. Әкем мемлекет қызметкер болса, анам жеке компанияда есепші қызметін атқарады. Маған қазақша үйрену қиынға соға қойған жоқ. Достарымның барлығы дерлік қазақтар. Бала жасымнан ауызекі тілде қазақша білетін едім. Зияткерлік мектепке келгенен кейін мұнда оны тереңдете оқи бастадым. Бұл жөнінен Әсима апайға ризашылығымды білдіремін. Соның арқасында тілді кеңінен меңгере бастадым. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін жақсы білеміз. Түрлі мерекеде сол салт-дәстүрді қолданып, жергілікті ұлт өкілдерімен бірге тойлаймыз. Қазақстан халқы бірлігі мерекесі күні бәріміз үшін өте маңызды. Халықтың бірлігі қай кезде де қажет. Еліміз бұл жөнінен әлемдегі көптеген мемлекеттерге үлгі бола алады. Қазақстанда көптеген ұлттар тұрады. Барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Жарасымды дәстүр жалғасын таба береді деген сенімдемін. Басты күшіміз - бірлікте екенін жақсы білеміз», - дейді Аделина бізбен әңгімесінде.

Соңғы жаңалықтар