Домбыраның түрлі нұсқасына 30-дан астам патент берілген

мин
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Заң жобалау мен осы құжаттардың сапалы әзірленуі, зияткерлік меншік, авторлық құқық салалары Әділет министрлігінің құзыретінде. «Министрмен әңгіме» айдарында ведомство басшысы Азамат Есқараев осы салаларда атқарылып жатқан жұмыстар жайында егжей-тегжейлі түсінік берді.

— Қайырлы күн, Азамат Несіпбайұлы, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Алғашқы сұрақ — мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу сапасын қалай бағалар едіңіз?

— Армысыз! Сізге де рахмет. Мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмыстарының орындалу тәртіптерін сақтау, атап айтқанда оның жүйелілігіне, сапасына, мерзімдеріне қойылатын талаптар тиісті заңға сәйкес бақыланады.

Осыған орай, мемлекеттік органдарҮкіметтің заң жобалау жұмыстарының жыл сайынғыжоспарын іске асырады. Мысалы, былтырғы жоспар 32заң жобаны әзірлеуді көздеген еді. Сәйкесінше оның барлығы да Парламентке енгізілді. Демек, мемлекеттік органдар заң жобалау жоспарында ескерілген жұмыстарды толық атқарды деуге болады. Кейбір заңдар қабылданды, ал қалғандары мерзімдеріне сәйкес әлі де пысықталып жатыр.

Заңдар заман талабына сәйкес бір орында тұрмайтыны белгілі. Күнделікті өміріміз өзгеріп, әр іске жаңадан көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Сондықтан мемлекеттік органдар мемлекет пен азаматтардың мүдделеріне қажет заңдарды қабылдау үшін жоспарлы түрде жұмыс істейді.

Бірақ мұнымен ғана шектелмеймеморгандардың заң жобалау жұмысының сапасын арттыру мақсатында Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысын трансформациялады. Бұл өз кезегінде заң жобаларын дайындау барысында әзірлеуші меморганның жауапкершілігін әлдеқайда қатаңдатты. Бұдан былай әзірлеушілерге заң жобаларының тұжырымдамаларын тереңірек пысықтау талап етіледі.

Жалпылама айтқанда, құқықтық актілер мен заң жобаларын дайындау сапасын арттыру, заң шығару қызметін жоспарлауды жетілдіру бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ заңға тәуелді актілердің уақытылы қабылдануына баса көңіл бөлу қажет.

Бұл ретте, Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның рөлі зор, яғни комиссия заң жобасын сапалы түрде талқылауға және аяқтауға мүмкіндік беретін жақсы сүзгі болып отыр.

— Үкіметтің биылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары аясында қандай маңызды құжаттар қамтылған?

— Еліміздің азаматтары және өзге де тұлғалар үшін қабылданып жатқан заңдардың кез келгені маңызды. Үкіметтің биылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары әлеумет, зияткерлік меншік, ғарыш, жаңа цифрлық технологиялар және инновациялық қызметті дамыту сияқты өзекті бағыттар бойынша 18 заң жобасын әзірлеуді қамтыған. Оның ішінде 3 заң жобасы бұрын реттелмеген қоғамдық қатынастарды регламенттеуге бағытталған. Атап айтқанда, өздеріңіз де естіп жүрген Цифрлық кодекс жобасы, «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобалары.

Мәселен, Цифрлық кодексты әзірлеу Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан бастау алады. Онда Президент цифрландырудың басты қағидаттары бекітілетін тұтас салалық құжатты дайындаумен айналысуды тапсырды.

Цифрлық кодексті қабылдаудың арқасында бәсекеге қабілетті цифрлық экономиканы және Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделеріне сай келетін тиімді цифрлық үкіметті қалыптастыру үшін қажетті реттеушілік жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы уақыт талабына сәйкес білім және ғылым саласын дамыту және университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсаттарында ұсынылды.

Сондай-ақ, кәсіптік парасаттылық бойынша тестілеу институтын енгізу құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықты төмендетуге ықпал етеді және халықтың сенімін арттырады. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету процесінде қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың ынтымақтастық деңгейіне оң әсер етеді.

— Әділет министрлігі қазақ тілінде заң жобаларын әзірлеу бойынша қандай шаралар қабылдап жатыр? Заңды басынан-ақ қазақша жазу қалай іске асырылмақ?

— Тіл мәртебесі — ел мәртебесі екені түсінікті. Ешкімге де жасырын емес, мемлекеттік тіл елімізде өзекті мәселелердің бірі. Ал Әділет министрлігі қызметкерлерінің басым бөлігі — мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтар. Мәселен, мемлекеттік қызметке қабылдамас бұрын, біз қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген үміткерлерді ескереміз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке келетін азаматтар қазақ тілінен арнайы емтихан тапсыратынын атап айтқан жөн.

Қазіргі кезде біздің мамандар зияткерлік меншік және нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстары, жұмыс тобының және заң жобаларының талқылау отырыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Мұнымен қоса, кез келген заң жобасы бойынша лингвистикалық сараптаманың басты талабы — сараптаманың мемлекеттік тілде жүргізілуі. Бұл дегеніміз — қандай да болсын мемлекеттік күші бар құжаттың ең алдымен мемлекеттік тілде әзірленуіне басымдық беріледі. Ұлттық құқықтық құжаттарды әзірлеуде халықаралық стандарттарға сай болуына назар аударылған.

— Елімізде зияткерлік меншік нысандарын тіркеуде қандай жетістіктер бар? Қазақстандықтар зияткерлік меншікке патент алуда қаншалықты белсенді? Пайдалы жобаларға берілген патенттердің үлесі артты ма?

— Жыл сайын барлық зияткерлік меншік объектілеріне берілген өтінімдер саны өсіп келеді. Жылда шамамен ғылым мен техниканың әртүрлі саласы бойынша өнертабыстарға 500 патент, пайдалы модельге 900 патент беріледі.

Тіркелген өнертабыстар мен пайдалы модельдер көбінесежеңіл өнеркәсіп, медицина, химия және технологиялық процестер салаларына тиесілі. Сондай-ақ, өтінімдердің едәуір бөлігі Алматыдан, Астанадан, Қарағандыдан, Шымкенттен және Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарынан түсіп жатыр.

Айтулы жаңалықтардың бірі 2023 жылдың аяғында селекциялық жетістік ретінде асыл тұқымды «Адай» жылқысына патент берілген болатын. Бұл тіркеу аталған жылқы тұқымын асыл тұқымды мал ретінде ғылыми тұрғыдан тану және көбейту жұмыстарын жедел жүргізуге ықпалын тигізеді.

— Авторлық құқық саласында заң бұзу деректері көп пе? Былтыр плагиатқа қатысты қанша іс қаралды?

-Өткен жылы Қылмыстық кодекстің 198-бабы бойынша (авторлық құқық бұзушылық және сабақтас құқықтар) 5 қылмыстық іс қозғалды. Алдыңғы жылы 6 қылмыстық іс қозғалды. Сотқа авторлық және сабақтас құқықтар бойынша 259 арыз түсті. Бұл ретте, 2021 және 2022 жылдармен салыстырғанда арыз сандарының төмендегені байқалды.

— Домбыраны ұлттық аспап ретінде патенттеу қажет деген пікір жиі айтылып жатыр. Осыны іске асыру мүмкін бе?

— Домбыра — ежелден баршаға белгілі қазақтың ұлттық аспаптарының бірі және ол ұлттық құндылыққа жатады. Сондықтан домбыра және де басқа да көне музыкалық кез келген аспап өнертабыс немесе пайдалы модель ретінде тіркелу үшін — бүкіл дүниежүзі бойынша жаңадан шығарылған өнертабыс болуы тиіс. Сондықтан қолданыстағы бұрыннан әйгілі белгілерге ие домбыраға патент алу мүмкін емес. Дегенмен, егер домбыраға қандай да бір жаңа нақыштағы өзгертулер енгізілсе, яғни электронды домбыра, домбыра-синтезатор — ол өнертабысқа немесе пайдалы модельге жатуы мүмкін және патент алуға болады.

Қазір домбыраның түрлендірілген нұсқаларына 30-дан астам патент берілген.

- Алматының апортын Қазақстан бренді ретінде тіркеу рәсімі толық аяқталды ма? Бренд ретінде тіркеу еліміз үшін экономикалық тұрғыда пайдалы бола ма?

— Алматының апорты 2023 жылы Географиялық нұсқама ретінде тіркелді. Бұл тіркеу Алматы апортының тек жергілікті тұтынушылар арасында ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де жоғары сұранысқа ие болуына мүмкіндік туғызады. Жоғары танымалдылық арқылы алманың басқа түрлеріне қарағанда қосымша құн орнатуына ықпал жасайды.

Тіркеудің ең негізгі артықшылығы — үшінші тұлғаларға иегердің рұқсатынсыз заңсыз пайдалануға тыйым салу құқығына ие болуы. Сонымен қатар, тұтынушыларға өнімнің шынайы шығу тегі мен сапасына кепілдік беріледі.

Соңғы жаңалықтар