Домбыра, қобыз және сыбызғы Бельгияның музыкалық аспаптар мұражайына тапсырылды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Брюссель қаласының музыкалық аспаптар мұражайына қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары – домбыра, қобыз және сыбызғыны сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Аспаптар бельгиялық тарапқа Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерватоориясы мен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің атынан сыйланды.

Музыкалық аспаптарды сыйға тарту рәсімінің арнайы қонақтары арасында Бельгия елінің қалпына келтіру және ғылым саясаты жөніндегі мемлекеттік хатшысы Тома Дермин, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Бельгия федералдық парламентінің депутаттары, сондай-ақ Брюссельдің «BOZAR» өнер сарайының өкілдері болды.

Қазақстандық Елші Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтықтың үш онжылдық бойы көптеген бағыттар, соның ішінде мәдениет саласында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде брюссельдік мұражай коллекциясы Бельгия және әлемнің басқа халықтарының 10 мыңнан астам аспаптарынан тұрады. Бұл – әлемдегі ең ірі әрі бай коллекциялардың бірі. Ендігі уақыттан бастап мұражайға келушілер бұл жерден домбыра, қобыз және сыбызғының үнін ести алады.

Өз тарапынан, мемлекеттік хатшы Т.Дермин барлық қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойымен құттықтап, қазақстандық тарапқа Бельгия Корольдігінің музыкалық мұрасына айтарлықтай үлес қосқаны үшін алғысын білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстанның бай музыкалық мәдениеті енді Брюссельде таныстырылады. Домбыра, қобыз және сыбызғы Бельгия Корольдігінің Мемлекеттік өнер және тарих мұражайларының тізіміне енгізіліп, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша мұражайдың онлайн-каталогы және музыкалық аспаптардың «МІМО» халықаралық базасы арқылы қолжетімді болады, деп атап өтті мемлекеттік хатшы.

Бельгия жұртына домбыра үнін естірту үшін А.Желдібайдың «Ерке сылқым» атты қазақ композициясы орындалып, сондай-ақ қобыз және сыбызғының үні бар музыкалық бейнероликтер ұсынылды.

Бельгияның музыкалық аспаптар мұражайының негізі (МІМ) 1876 жылы қаланды.

Арнұр Рахымбеков

Соңғы жаңалықтар