Домбыраны неге төмен ұстауға болмайды – қызылордалық жыраумен сұхбат

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Өнерге жақын ағайын дария бойындағы қалың жұртшылықты «Сыр елі - жыр елі» деп дәріптейді. Дәстүрлі өнерді дамытуға дәнекер болған дүйім халық қаншама ғасырдан бері ұлттық құндылықты ұлықтап, атадан балаға аманаттап келеді. Қазақтың қара домбырасының құдіретін жер-жаһанға мәшһүр еткен өнер иелерінің бүгінгі өкілі, жырау Берік Саймағанбетов қазір жас ұрпаққа баға жетпес байлығымыз жөнінде жиі айтады. Елімізде жылма-жыл тойланып жүрген Домбыра күні қарсаңында өнер иесін әңгімеге тартып, ұлттық құндылығымыз жөнінде ой бөліскен едік.

- Өмір дерегіңізге үңілсек, ескінің жолымен атаңыздың бауырында ұлттық құндылықтың нәріне молынан сусындап өскен екенсіз. Көнекөз қариялар белгілі Тұрмағанбет пен Шораяқтың Омары секілді белгілі ақын-жыраулармен қатар жүрген көрінеді. Сіздің дәстүрлі ән, жыраулық өнерге бет бұруыңызға сол жағдайлар себепкер болды ма?

- Өзіңіз айтқандай, мен жастайымнан дәстүрлі өнерге жақын болып өстім. Белгілі жырау Әлиақпар Жұматаевтың «Кетенің кемеңгерлері» толғауында Бағдагүл апа, Сүйкімбай, Сүйіндік, Ақдос, Жұматай, Сырбай деген кісілер туралы айтылады. Олардың барлығы - менің аталарым, жақындарым. Қанмен сіңген қасиет бойыңнан жоғалмайды. Отбасымдағы үлкендер мені өнер жолына бағыттады. Өлең-жырға баулыды. Көне заманның көрінісін көз алдыңа алып келетін аңыз бен әпсананы санамызға құйды. Алғашқы ұстазым Жадырасын Тасбергенов өлеңді тамақпен айту дәстүрін жетер жеріне жеткізе білді. Кейіннен Сыр сүлейі Бидас Рүстембековтің тәлім-тәрбиесі мен өнегесін көрдім.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Халық әні» кафедрасының алғашқы және жалғыз студенті болдым. Кейіннен ол музыка факультетіне қосылды. Сондай-ақ, мен Орталық Азия университетінде қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдадым.

- Бір сөзіңізде қазақ халқында қазір домбыра тарта алатын азаматтардың саны азайып кеткенін тілге тиек еткен едіңіз. Қалай ойлайсыз, оған не себеп болды?

- Тоқсаныншы жылдарға дейін әрбір қазақтың үйінің төрінде домбыра ілулі тұратын еді. Оны көзіміз көріп өсті. Әкелеріміз қым-қуыт тіршіліктен қолы қалт еткен сәтте домбыраны қолға алып, баяу дауыспен ән шырқайтын. Кейбірі күмбірлете күй тартып, құлақ құрышын қандыратын. Біздің буын сондай тәрбиені көріп өсті. Домбыраның құлағында ойнай алмаса да, оны тарта алатын жағдайда едік.

Өкініштісі, қазір мүлдем басқа көрініс. Жиын-той болған сәтте домбыра іздеп кететін күйге түскенімізді неге жасырамыз? Бәлкім, бұған қауырт тіршілікті сылтау ететін шығармыз. Тіпті, баласына домбыра үйретпек түгілі оны тарта алмайтындар көбейді. Ол себеп емес секілді. Бұрынғы кісілер де күнұзақ жұмыста болды. Отбасы мәселесін, жас ұрпақ тәрбиесін ұмытпайтын.


- Бұл орайда не жасауымыз тиіс?

- Елімізде Домбыра күні мерекесі дұрыс қолға алынды. Жылма-жыл асыға күтетін атаулы күнге айналды. Десе де оны дұрыс пайдалана білсек деген ұсынысым бар. Атаулы күнде түрлі іс-шаралар өткізгенге мәз болудың қажеті шамалы. Жас ұрпақтың ұлттық құндылықтан сусындап өсуі үшін оны кеңінен насихаттауымыз қажет. Мәселен, оқушы мектепте домбыраны үйреніп шыққаны артық емес. Мектеп бағдарламасында музыка пәні бар емес пе? Соны пайдалана отырып, ұстаздар оқушыларға домбыра үйретуді қолға алғаны артық емес. Сондай-ақ, мектеп бағдарламасында жыраулар шығармасын да қосуымыз қажет деген ойдамын. Әрбір жыр-терменің орны бар, жүректен шыққан баға жетпес қазына. Сыр сүлейлерінің әрбір шығармасын алып қарасаңыз, ұрпаққа беретіні көп. Тәлім мен тәрбиенің өзегі. Бұл ұрпақтың ұлттық болмысты бойына сіңіруіне игі әсерін тигізеді. Жас ұрпаққа бала кезінен осындай дүниелерді үйрете беруіміз қажет. Өскеннен кейін оны сіңіру қиынға соғады.

Осының арқасында әрбір адамның бойында ұлттық ұстаным қалыптасады. Ұлттық мүдде, құндылық, өнер, көзқарас қашанда барлығынан биік емес пе? Бұл орайда мемлекеттік деңгейде ұлттық идеологияны қалыптастырған артық емес.

Рас, кейінгі жылдарда бұл бағытта оң өзгерістер бар. Сол себепті шетелдің даңғаза әуенінің жетегінде кетпей, ұлттық өнердің нәрін бойымызға сіңіре білсек деймін.

- Бұл орайда бізге не жетіспейді? Олқы соғып тұрған тұсымыз қайсы?

- Бізге талдау жетіспейді. Сыр бойындағы сүлейлер мен шайырлардың әрбір шығармасында үлкен астар бар. Тіпті, бір сөздің мәніне көз салып көрсеңіз, тұтас бір дәуірдің тарихы жасырынып жатқан болуы мүмкін. Біздің тарихымыз жыр мен термеде жатыр деп ойлаймын.

Мен өңірдегі талай ақын-жыраудың өмірбаянына қызығушылық таныттым. Оны жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Тынық тұма» деген атаумен кітап құрастырып шығардым. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы біздің өңірде өткен батырлардың, билердің әңгімелерін жариялап келемін. Қазір олардың саны 300-ден асып кетті. Мен 16 жасымнан терме, толғау, жырға ден қойдым. Маған осы дүниелер ұнайды. Әрбір адам туған жерінде өткен батырларды, тұлғаларды жете білуі тиіс. Ол өз ұлтыңды, Отаныңды жақсы көруге жол ашады.

- Домбыраны қазақтың жаны деп бағалаймыз. Біз оның құнына қаншалықты жете білдік?

- Осы орайда ескіден жеткен мына бір әңгіме еске түседі. Сыр сүлейінің бірі Тасбергеннің баласы Нұрмаханға Қызылорда облысынан шыққан бір топ ақын-жазушылар сәлем бере барғанға ұқсайды. Солардың бірі домбыраның мойынын иықтың шамасынан түсіріңкіреп тарта бастаған екен. Сол сәтте Нұрмахан ақсақал әлгі жігітке «Домбыраны құлағынан төрт елі жоғары ұста. Бұл домбыраның шанағында қазақтың мұң-зары мен қайғысы бар. Мойынында бабаңның жүріп өткен соқпағы жатыр. Қасиет те, кие де ұлтыңның аспабында. Қазақтың жаны - домбыра! Киелі өнерді алып жүрем десең, бірінші ұлттың өнерін басқаға сыйлата біл. Ешқашан домбыраны төмен ұстама» деп батасын берген екен. Осының өзінде қанша мағына жатыр.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар