Дональд Трампқа жаңа айып тағылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп федералды биліктің өзіне құпия құжаттарды дұрыс пайдаланбағаны үшін айып тағып отырғанын мәлімдеді. Ол өзінің кінәсіздігін алға тартып, қазіргі президентті саяси себептермен қудалады деп айыптайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
None

АҚШ ақпарат құралдарының хабарлауынша, Трампқа жеті бап бойынша, оның ішінде құпия құжаттарды заңсыз сақтау бойынша айып тағылған.

Оған сейсенбі күні түстен кейін сағат үште Флорида штатының Майами қаласындағы федералды сот ғимаратына келуге бұйрық берілген.

Бұл - Дональд Трампқа тағылған екінші және АҚШ-тың бұрынғы президентіне қатысты федералды прокуратура ұсынған алғашқы айыптау.

«Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президентіне осындай әрекеттер жасалады деп ешқашан ойламаппын», - деді Трамп.

«Біз үлкен құлдырау алдында тұрған елміз. Бірақ, біз бірігіп Американы қайтадан ұлы ел етеміз!» – деп жазды ол өзінің соңғы сайлау науқанының басты ұранын сөз етіп.

Дональд Трамп 2024 жылы президенттікке қайта оралу науқанын жүргізіп жатыр. Егер кінәлі деп танылса, бұрынғы президент түрмеге қамалуы мүмкін.

Сонымен қатар, заңгер сарапшылар АҚШ заңында немесе конституциясында оның сайлау алдындағы науқанға қатысу мүмкіндігін шектейтін ешқандай бап жоқ екенін айтады.

Бұрынғы президенттің заңгері Джим Трасти CNN-ге берген сұхбатында Трампқа тағылған айыптарды егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, айыптау тізімінде қастандық, жалған айғақтар, сот төрелігіне кедергі жасау және тыңшылық туралы заңға сәйкес құпия құжаттарды заңсыз сақтау бар.

Трамп өзіне тағылған айыппен үзілді-кесілді келіспейді.

Truth Social-дағы хабарламасында ол Джо Байденді тағы да қатты сынға алып, құпия құжаттар қазіргі Америка президентімен байланысты бірнеше мекенжайдан табылғанын еске салды.


Соңғы жаңалықтар