Дональд Трамптың ұлықтау рәсіміне кімдер барады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп өзінің ұлықтау рәсіміне шетелдік мемлекет басшыларын шақырған алғашқы АҚШ басшысы болды. Осы орайда оның дәстүрді неліктен бұзғаны жайында және салтанатты шараға кімдер келетіні жөнінде Kazinform-ның меншікті тілшісі жауап іздеп көрді.
2025 жылдың 20 қаңтарында Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті болады.
Ұлықтау рәсімі 1981 жылдан бері Капитолий ғимаратында өтіп келеді, оны АҚШ-тың барлық жаңалықтар арналарында және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көруге болады. Салтанатты шараға бірқатар саясаткер, соның арасында шетелдіктер де қатысады.
Былтыр желтоқсан айында Дональд Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді ұлықтау рәсіміне шақырғаны мәлім болды.
Бұған дейін сарапшылар Қытай басшысы Си Цзиньпин инаугурацияға қатыспауы мүмкін деген пайым айтты.
CNN-нің хабарлауынша, салтанатты шараға Қытай басшысының орнына ҚХР-дің жоғары лауазымды тұлғаларынан құралған делегация келеді.
CBS News ақпаратына қарағанда, Аргентина президенті Хавьер Милей АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Трамптың ұлықтау рәсіміне қатысуды жоспарлап отыр.
Д. Трамптың жақын одақтастары Сальвадор президенті Найиб Букеле мен Италия премьер-министрі Джорджи Мелониге шақыртулар жіберілгені белгілі. Америкалық тарап Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанға да шақыру жолдады.
Бұл ретте, Ресей президенті Владимир Путиннің баруы қарастырылмаған. Кремль АҚШ көшбасшының ант беру рәсіміне шақырту алмағанын растады, деп хабарлайды Sky News.
Associated Press-тің хабарлауынша, Дональд Трамп Украина басшысының да шақырылмағанын айтты.
«Бірақ ол келгісі келсе, мен оның ұлықтау рәсімінде болғанын қалаймын», - деп жауап берген.
Коннектикут мемлекеттік университетінің тарихшысы Томас Балцерски ұлықтау рәсіміне бірнеше шетелдік көшбасшының келуі оқиғасы АҚШ-тың бұрыннан келе жатқан дәстүрінде болмаған жағдай екенін атап өтті.
Бұрындары шетел басшыларына АҚШ-тағы ұлықтау іс-шараларына қатысуға тыйым салынған болатын. Мысалы, 2009 жылы жаңадан сайланған президент Барак Обаманың инаугурациясының алдында АҚШ Мемлекеттік департаменті елшіліктерге хат жолдаған еді. Онда «Бұрынғыдай бұл іс-шара аясында Вашингтонға шетелдік делегациялар шақырылмайды» деп аталып өткен.
Тарихшы бұған бірқатар себеп бар екенін түсіндіріп отыр. Біріншіден, шетелдік мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарын ұйымдастыру жұмыстары көп уақытты қажет етеді. Бұл тұрғыда саяси мәселені де ескеру керек. Яғни, шетелдік мемлекет басшысының сапары, әдетте, салтанатты қабылдау іс-шараларын қамтуы тиіс. Оның аясында бірлескен баспасөз мәслихаты мен мемлекеттік деңгейде кешкі ас ұйымдастырылады.
Дегенмен, АҚШ жағының бұрыннан келе жатқан тәртіпті елемеуі жаңа дипломатиялық дәуірдің басталғанын аңғартады. Шетелдік көшбасшылардың қатысу мәселесі әлі де күрделі және нақты мән-жайы хабарланбады, бірақ қонақтар арасында қазіргі АҚШ президенті де болатыны белгілі.
Ақ үй қараша айының соңында президент Джо Байден мен бірінші ханым Джил Байден АҚШ-тың жаңа президентінің инаугурациясына қатысатынын растады.
Сондай-ақ Конгресс, Жоғарғы сот мүшелері, АҚШ-тың жоғары лауазымды әскерилері, бұрынғы президенттер мен вице-президенттер, АҚШ-тың ең жоғары әскери наградасын алғандар, сондай-ақ Трамптың отбасы мүшелері қатысады.
Бұл ретте сол күні тұрғындар шеруге шығуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, 2017 жылы Дональд Трамптың алғашқы ұлықтау рәсімі кезінде АҚШ-тың түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтіп, оған кейбір мәліметтер бойынша 4 млн-нан астам адам қатысқан.
Еске салсақ, 5 қарашада өткен сайлауда Республикалық партия жетекшісі Дональд Трамп жеңіске жетті.