Доңыздың басын мешітке лақтырып кеткен британдық жазаға тартылды

muslim.kz сайтының жазуынша, өткен жылдың қазан айында 21 жастағы Ұлыбритания тұрғыны Рори Роуботтом Лондон шаһарынан 90 шақырым жерде орналасқан Беркшир графтығына қарайтын Ньюбери қаласындағы мешіттің түбіне доңыздың басын қойып кеткен болатын.
Мұсылмандардың жанын түршіктірген бұл сұмдық, британ билігінің де жағасын ұстатты. Британ саясаткерлерінің кейбіреулері діни және ұлттық кемсітушілікке жол бергендердің басынан «сипай қоймайтын» жаңа заң жобасын жазуға кіріскен еді.
Соңғы сот отырысында қылмыскер өзінің кінәлі екенін мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді.
«Мұсылман жамағаты өзге наным-сенімдегілердің қылығына төзіп келді. Алайда, шыдамның да шегі бар. Кез келген біреу өзге адамның немесе жамағаттың наным-сеніміне күле қарап, іргеден ши жүгіртуіне жол беруге болмайды. Ал келеңсіз әрекетке бастағандар жазалануы тиіс», - деп мәлімдеді Ньюбери мұсылман жамағатының өкілі Лаки Низами сотта сөйлеген сөзінде.
«Діни астары бар мұндай жағдайлар полиция мен қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Еліміздегі кез келген дінге құрметпен қарауымыз қажет. Роуботтомның басындағы бұл жағдай өзгелерге сабақ болады деп ойлаймын», - деді осы істің анық-қанығын анықтаумен айналысқан Ньюбери полициясының инспекторы Линдси Финч.