Допингпен ұсталған 9 қазақстандық Олимпиада жүлдегерінің бәрі - ауыр атлеттер мен балуандар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдарында Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, жүлде алған 9 спортшы допинг қолданғаны үшін медалінен айырылғаны белгілі. Олардың бәрі ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресінен ел қоржынына жүлде «салған» болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: olympic.kz

Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов редакция сауалына жолдаған жауабында допингтің арқасында Олимпиада жүлдесін алған қазақстандық спортшылардың тізімін ұсынды.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында Ұлттық құраманың 9 спортшысы допинг қолданғаны үшін Олимпиада медалінен айырылды. Олар: Илья Ильин, Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Нижат Рахимов (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі)», - деп жазылған жауапта.

Комитет басшысы өзге бәсекелестерінің допинг дауына ілігуі Олимпиада мінберіндегі орнын бір саты жоғарылатқан спортшылар да бар екенін еске салады. Халықаралық Олимпиада комитетінің Тәртіп кеңесінің шешімі бойынша:

Грек-рим күресінің шебері Нұрбақыт Теңізбаев «қоласын» «күміске» айырбастаса, тегі ресейлік легионер Алла Важенина ауыр атлетика «күмісін» «алтынға» ауыстырып алған еді. Жеңіл атлет Ольга Рыпакованың Бейжің Олимпиадасында алған қола медалі арада 9 жыл өткенде «күміс» болып өзгерген. Дәл осындай себеппен зілтемішліер Анна Нұрмұхамбетова (күміс), Дәулет Шабанбай (қола), Денис Уланов (қола) Олимпиададағы жетістіктерін жақсартқан.


Соңғы жаңалықтар