Допты хоккей: «Ақжайық» басты қарсыласын 10:4 есебімен ойсырата жеңді
ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен екінші кездесуін сәтті өткізді.

Оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері бұл жолы 10:4 есебімен жеңіске жетті.
Команда капитаны Максим Өтебалиев хет-триктің авторы атанса, ресейлік шабуылшы Максим Пахомов қарсыластың қақпасына 5 доп енгізді. Тәжірибелі қорғаушы Денис Максименко мен тағы бір ресейлік Артем Лапшин бір-бір голдан соқты.
М.Пахомов осы маусымда 16 матчта соққан гол санын 52-ге жеткізді.
Осылайша, екінші топта көш бастап келе жатқан «Ақжайық» ұпай санын 36-ға жеткізді.
Оралдықтар келесі ойындарын 3-4 ақпанда өз айдынында «СКА-Уральский трубник-2» (Екатеринбург) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Ақжайығы» негізгі қарсыластарының бірін ірі есеппен ұтқанын жазған болатынбыз.
