Допты хоккей: «Ақжайық» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді.

ақжайық
Фото: "Ақжайық" спорт клубы

Николай Шавалдин жаттықтыратын команданың спортшылары бұл жолы Қазанда жергілікті «Ак Барс-Динамо-2» командасымен кім мықтыны анықтады. 

Бірінші таймда қазандық бенди шеберлері 3:2 есебімен алда тұрды. Есесіне екінші кезеңде оралдықтар жауапсыз төрт гол соқты. Осылайша «Ақжайық» 7:3  есебімен алаң иелерінен басым түсті. 

Батысқазақстандықтардан команда капитаны Максим Өтебалиев покер жасаса, ресейлік сұрмерген Максим Пахомов 2, Қуаныш Темірәлин 1 рет нысананы дәл көздеді. 

Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді. Қазіргі кезде оралдықтар 27 ұпаймен екінші топта 2-орында тұр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» өз тобында екінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар