Допты хоккей: «Ақжайық» маусымды жеңіспен қорытындылады
ОРАЛ. KAZINFORM — Ресейдің Кемерово қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирінде Оралдың «Ақжайығы» соңғы кездесуін өткізді.
Батысқазақстандық команда 9-орын үшін бәсекеде «Зорький» (Красногорск) клубымен сынға түсті.
Тартысты өткен ойында алдымен «Зорькийден» Андрей Замятин есеп ашты. Дегенмен бірінші таймда Максим Пахомов 2, «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев 1 гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші кезеңде оралдықтардан Александр Лапшин, Ершат Амангелдиев мергендік танытты. Ресейлік клубтан Семен Заваринский 1, Олег Хасянов 2 голдың авторы атанды. Қорытынды есеп — 5:4, «Ақжайықтың» пайдасында.
Осылайша, Николай Шавалдиннің шәкірттері финалдық кезеңде 9-орынға тұрақтады.
Бұған дейін «Ақжайық» көптен бері финалдық турнирге қатыспаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» көш басындағы командаға есе жібергенін жазған едік.