Допты хоккей: «Ақжайық» орынборлық клубты 10:2 есебімен ұтты
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Орынборда «Локомотивпен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл ойында да Николай Шавалдин баптайтын оралдықтар қарсыласына дес бермей, ірі есеппен ұтты.
Екінші матч қатарынан «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Михаил Пахомов бес голдың авторы атанды. Сондай-ақ команда капитаны Максим Өтебалиев «Локомотивтің» қақпасында төрт допты тулатты. Тағы бір голды ресейлік Артем Лапшин енгізді.
Төрт ойыннан 12 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі бәсекелерін 6-7 қаңтарда Воткинскіде «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізеді. Содан кейін өз айдынына оралады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.