Допты хоккей: «Ақжайық» ресейлік команданы екінші рет тізе бүктірді
ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында «Ақжайық» «Жастар» стадионында «СКА-Уральский трубник-2» (Екатеринбург) клубымен екінші ойында да жеңіске жетті.

Екінші топта көш бастап келе жатқан оралдықтар бұл жолы қарсыласын 8:4 есебімен тізе бүктірді.
«Ақжайықтан» ресейлік Максим Пахомов бес голдың авторы атанды. М.Пахомов жоғары лига командалары арасында 65 голмен мергендер көшін бастап келеді. Тағы бір ресейлік Иван Захаров 2, Самат Аманшин 1 допты қонақтар қақпасына енгізді.
Екатеринбург командасынан Алексей Борисов 2, Дмитрий Чернов пен Денис Кузнецов бір-бір голдан соға алды.
Осылайша, төрт матч қатарынан жеңіске жеткен «Ақжайық» ұпай санын 42-ге жеткізді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері алдағы ойындарында 7-8 ақпанда «Локомотив» (Орынбор) командасын қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» кезекті жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.