Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» маусымды ірі жеңіспен түйіндеді
ИРКУТСК. KAZINFORM — Иркутск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирінде Оралдың «Ақжайығы» жетінші орын үшін «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен сынға түсті.
Қос клуб та финалдық турнирге дейін екінші топта ойнағандықтан, бір-бірімен жақсы таныс еді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері маусымдағы соңғы ойынды өте қарқынды өткізіп, «Никельщикті» 9:3 есебімен тізе бүктірді.
«Ақжайықтан» ресейлік шабуылшы Максим Пахомов 4 гол соғып, мергендік танытты. Тағы бір ресейлік Артем Лапшиннің еншісінде 3, команда капитаны Максим Өтебалиевтің есебінде 2 доп бар.
«Никельщиктен» Денис Бретавский, Артем Самойлов, Антон Пономарев бір-бір голдан соқты.
Осылайша, 2023-2024 жылғы маусымда «Ақжайық» өз тобындағы үздік командалардың қатарынан табылып, финалдық турнирде бақ сынады. Онда жетінші орынға ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қорытынды матчында мәскеулік команданы жеңгенін жазған едік.