Допты хоккейден «Ақжайық» көш басындағы команданы ұтты

ОРАЛ. KAZINFORM - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын Краснотурьинскіде жергілікті «Маякпен» өткізді.

Допты хоккейден «Ақжайық» көш басындағы команданы ұтты
Фото: instagram.com/ sc_akzhayik_07

Ресейлік клуб 6 ойыннан кейін 18 ұпай жинап, екінші топта көш бастап келе жатқан еді.

Бірінші таймда Рауан Исалиевтің пасынан кейін «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есеп ашты.

«Маяктан» Михаил Красиков таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде Рауанның пасын Дәурен Оралов мүлт жіберген жоқ.

Максим Пахомовтың пасынан соң Болат Мұхит есепті 3:1-ге жеткізді.

Айдын иелерінен Александр Штеле есепті қысқартқанымен, М.Пахомовтың көмегімен Р.Исалиев мергендік танытты.

Бұдан кейін «Маяктан» Артем Самойлов бір гол соға алды.

Қорытынды есеп - 4:3, оралдық маман Николай Шавалдин жаттықтыратын «Ақжайықтың» пайдасында.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» ресейлік команданы тағы да ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар