Допты хоккей: «Ақжайық» Қазанда қарымта қайтарды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» бүгін Қазан қаласында «Динамо-Қазан-2» командасымен екінші кездесуінде 6:4 есебімен жеңіске жетті,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, тартысты өткен матч барысында оралдықтар (Сергей Башаев) алғашқы болып есеп ашты. Кейін қазандықтардан Роман Фролов 12 метрлік айып добын дәл орындап, таразы басын теңестірді. С.Башаев «Ақжайықты» тағы да алға шығарғанымен, айдын иелері (Александр Семенов) қайта гол соқты. Бұдан кейін оралдықтардың капитаны Максим Өтебалиев мергендік танытты. Бірақ төреші қонақтардың қақпасына тағы бір 12 метрлік айып добын белгіледі, одан А.Семенов мүлт кеткен жоқ. Осыдан соң Р.Фролов «Динамоны» алға шығарғанымен, оралдықтардан ресейлік қорғаушы Артем Недоступов қайта теңестірді. Бірінші тайм осылайша 4:4 болып аяқталды.

Екінші таймның басында «Ақжайықтың» сұрмергені С.Башаев соққан қос голдан кейін қарсыластар қаншама тырысқанмен, есеп өзгерген жоқ.

Қазіргі кезде ресейлік маман Владимир Кожевников баптайтын оралдықтардың қоржынында 20 ойыннан кейін 37 ұпай бар. Сөйтіп олар екінші топта төртінші орында келе жатқан Орынбордың «Локомотивінен» (18 ойын, 25 ұпай) біраз қашықтай түсті. Егер «Ақжайық» қалған кездесулерін сәтті өткізіп, алғашқы үштікке енсе, суперлигаға жолдама беретін финалдық сайыстарға қатысады. Бұған толық мүмкіндік бар. Себебі батысқазақстандықтар қалған төрт ойынын да өз айдынында өткізеді, яғни 17-18 ақпанда «Никельщик» (Верхний Уфалей), 21-22 ақпанда турнир кестесінде екінші сатыда тұрған «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдайды.

Еске сала кетейік, кеше «Ақжайық» «Динамо-Қазан-2» командасынан 1:6 есебімен ұтылып қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар