Допты хоккей: «Ақжайық» өз тобында екінші орынға көтерілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» бүгін өз айдынында «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдап, 7:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Стеновик» стадионында өткен матчта команда капитаны Максим Өтебалиев пен ресейлік легионер Сергей Башаев қарсыластарының қақпасына қос-қостан доп енгізсе, Еламан Әліпқалиев, Петр Грибанов және Андрей Гущин бір голдан өз есептеріне жазды.

Осы кездесуден кейін «Ақжайық» 46 ұпаймен өз тобында екінші орынға көтерілді. Көш бастап келе жатқан «Маяктың» (Краснотурьинск) есебінде  47 ұпай болса, үшінші сатыдағы «Знамя-Удмуртияның» оралдықтардан бір ұпайы кем. Демек, ертең өтетін соңғы ойында «Ақжайық» «Знамя-Удмуртия» командасын жеңсе, кемінде екінші орынды иеленеді.

Еске сала кетейік, ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын батысқазақстандықтар Сыктывкар қаласында 28 ақпан - 6 наурыз аралығында өтетін финалдық сайыстарға қатысады. Онда тоғыз команда суперлигаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар