Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» өз тобында көш бастап келеді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында көш бастап келеді.
None
None

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Дмитрий Иванниковтың шәкірттері Первоуральск қаласында 29 қараша күні Екатеринбургтің «СКА-Свердловск» командасымен екінші кездесуінде де жеңіске жетті. Бірінші таймда оралдықтардан Павел Чебаков есеп ашса, ойынның екінші кезеңінде айдын иелерінен Дмитрий Фефелов таразы басын теңестірді. Дегенмен 75-минутта Максим Өтебалиев жеңіс добын соқты. Сөйтіп «Ақжайық» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Төрт ойыннан кейін 9 ұпай жинаған батысқазақстандықтар турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Дегенмен командалардың өткізген ойындары түрліше екендігін айта кетейік.

«Ақжайық» келесі ойындарын 2-3 желтоқсанда Краснотурьинскіде жергілікті «Маяк» командасымен өткізеді. Қазіргі кезде екі ойыннан кейін 6 ұпай жинап, екінші орында тұрған «Маякты» Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтырады. Ал 12-13 желтоқсанда батысқазақстандықтар өз айдынындағы алғашқы кездесулерін «СКА-Свердловск» командасымен өткізеді. Биыл «Жастар» стадионында жасанды мұз айдынын салу жұмыстары басталғалы отыр. Сондықтан бұл ойындар Зачагандағы «Ақжайық» допты хоккей клубының қосымша алаңында өтеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар