Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін финдермен өткізеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден жалауын көтеретін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бүгін алғашқы кездесуін финдермен өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 39-шы рет ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік дода 2 ақпанда мәреге жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.

Күштілердің «А» тобында өнер көрсететін Қазақстан құрамасының бұған дейін алты мәрте қола жүлдегер атанғаны белгілі. Міне, сол қола жүлде үшін бәсекеде үнемі финдермен тайталасады. Әдетте Ресей мен Швеция құрамалары алтын жүлде үшін таласады. Фин құрамасы 2004 жылы Швецияның Вестерос қаласында өткен әлем чемпионатында ғана жеңімпаз атанып, содан кейін екі мәрте финалға шығып, күміс жүлдені қанағат тұтқан болатын.

Бұл жолы ресейлік бапкер Сергей Инфалин жаттықтыратын қазақстандықтарға жүлде үшін таласу қиындау соғады. Өйткені қазақстандық құраманың негізін жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарысқа тұрақты қатысып жүрген оралдық «Ақжайықтың» ойыншылары құрайды. Сондықтан биыл, мамандардың пікірінше, басты мақсат - күштілердің «А» тобында қалу.

Қазақстан құрамасы сондай-ақ 28 қаңтарда Ресей, 30-ында Швеция бенди шеберлерімен күш сынасады.

«Ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз. Айдынға құраманы капитанымыз, Орал допты хоккейінің түлегі, Ресейдің суперлигасында ойнайтын «Сибсельмаш» (Новосібір) командасында өнер көрсететін Рауан Исалиев бастап шығады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан құрамасының мүшесі, «Ақжайық» командасының капитаны Максим Өтебалиев.

«Ақжайық» хоккейшілері бұл күндері 19 жасқа дейінгілер арасында Красноярск қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатына да қатысуда. Өкінішке қарай, қазақстандықтар Норвегиядан 0:12, Финляндиядан 0:11, Швециядан 0:21 есебімен ойсырай жеңіліп қалды. Бүгін Ресеймен шеберлік байқасады.

Оған қоса қазақстандық бенди шеберлері наурыз айында осы Красноярскіде өтетін дүниежүзілік универсиадаға да барады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден ұлттық құраманың негізін «Ақжайық» ойыншылары құрайтынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар