Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы финдерден ұтылып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші кездесуін финдермен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы финдерден ұтылып қалды

Матч Финляндия құрамасының басымдылығымен өтті.

Бірінші таймда финдер екі доп соқса, ойынның екінші кезеңінде тағы жеті гол енгізді. Қорытынды есеп - 9:0. Фин құрамасынан төрт голдың авторы атанған Эмиль Федоров ерекше көзге түсті.

Осы чемпионаттың алғашқы кездесуінде Швеция құрамасы ресейліктерді 6:4 есебімен жеңді.

Ресейлік маман Сергей Инфалин жаттықтыратын, негізінен Оралдың «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған Қазақстан құрамасы 28 қаңтарда Ресеймен, 30-ында Швециямен айдынға шығады.

Дүниежүзілік дода 2ақпан күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік,бұдан бұрын Қазақстан құрамасының әлем біріншілігіндегі алғашқы кездесуін финдермен өткізетінін жазған болатынбыз.