Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы ресейліктерге ірі есеппен есе жіберді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті ойынын ресейліктермен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес Одағы құрамасының жеңістерін қоса есептегенде, бұған дейін 25 мәрте әлем чемпионы атанған ресейліктердің осы ойынның фавориті екендігі айдай анық-ты.

Бұрынғыдай ресейлік легионерлерге иек артпай, негізінен «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған қазақстандықтардың биыл жүлделі орындар үшін таласа алмайтыны белгілі еді.

Ресейлік бенди шеберлері бірден ойынын тізгінін қолға алып, 3:0 есебімен алға шықты. Осыдан кейін Артем Вшивков Қазақстан құрамасының чемпионаттағы алғашқы голын соқты. Бірақ бұдан ештеңе өзгере қойған жоқ. Ресейліктер бірінші таймның өзінде есепті 9:1-ге жеткізді.
Екінші таймда қарқынын еселей түскен ресейліктер 22:1 есебімен жеңіске жетті.

Енді Қазақстан құрамасы 30 қаңтарда айдын иелері, әлемнің 12 дүркін жеңімпазы Швециямен кездеседі. Содан кейін плей-офф бәсекелері басталады.

Дүниежүзілік дода 2 ақпан күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының алғашқы кездесуінде финдерден ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар