Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан Норвегияны ұтып, жартылай финалға шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ширек финалда Норвегиямен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жартылай финал жолдамасы сарапқа салынған матч біршама тартысты өтті.

Бірінші таймда алдымен норвегтерден Феликс Калландер есеп ашты. Содан кейін Қазақстан құрамасының капитаны Рауан Исалиев таразы басын теңестірді.

Екінші таймда мергендік көрсеткен Р.Исалиев қазақстандықтарды алға шығарды. Сосын Евгений Шадрин мен Ескендір Нұғманов бір-бір голдан соғып, есепті 4:1-ге жеткізді.

Осылайша ресейлік маман Сергей Инфалин жаттықтыратын қазақстандықтар жартылай финалға шықты. Енді олар жүлделі орындар үшін таласатын болады. Ең бастысы, бұл - Қазақстан құрамасы күштілердің «А» тобында қалады деген сөз. Оның үстіне биыл қазақстандықтар әлем чемпионатына алғаш рет негізінен «Ақжайық» ойыншыларымен барған еді. 1 ақпан күні қазақстандықтар жартылай финалда Швециямен шеберлік байқасады. Бұған дейін олар шведтерге 1:22 есебімен ұтылып қалған болатын.

Швециядағы әлем чемпионаты 2 ақпан күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың норвегтермен кездесетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар