Допты хоккейден финал: «Ақжайық» «Кировец» командасына есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Красноярск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында өтіп жатқан бүкілресейлік жарыстың финалында Оралдың «Ақжайығы» төртінші кездесуін бүгін «Кировец» (Уфа) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допты хоккейден финал: «Ақжайық» «Кировец» командасына есе жіберді

Аталмыш қос клуб үшінші топта сынға түсіп, финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Өзара ойындарында қос-қостан жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы «Ақжайықтан» Петр Грибанов есеп ашқанымен, уфалықтар сапындағы Павел Даданов қатарынан үш гол соқты. Бұдан кейін Сергей Башаев есепті қысқартты – 2:3.

Екінші таймда уфалықтар сәттірек ойнап, қорытындысында 11:7 есебімен ұтып кетті. «Ақжайықтан» ресейлік сұрмерген Максим Пахомов үш, команда капитаны Максим Өтебалиев екі голдың авторы атанды.

Оралдықтар А тобындағы соңғы матчын 11 наурыз күні «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.