Досбол Балғабай – дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Досбол Балғабай (81 келі) дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Досбол Балғабай  – дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері
Фото: instagram.com/kaz_judoteam

Хорватия астанасы Загреб қаласында өтіп жатқан дүбірлі доданың үшінші жарыс күнінде ел құрамасының қоржыны тағы жүлдемен толықты.

Ол жарысты екінші айналымнан бастап, алдымен жапониялық, одан кейін бразилиялық қарсыласын жеңді.

Ширек финалда грузиялық балуанды жеңіп, жартылай финалға шықты. Ал жартылай финалда жарыс чемпионы атанған сербиялық Борис Рутовичке есе жіберіп, қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.

Қазақстандық дзюдошы 3-орын үшін бәсекеде германиялық Дистел Константинді қапы қалдырды.

Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Нұрлан Исатаев (55 келі) чемпион атанса, Сабина Юлдашбекова (40 келі) күміс, Оралбек Байзақ (55 келі) қола жүлдеге ие болды.

Медальдар кестесінде қазақстандық спортшылар үшінші орында тұр. Еншіміздің қоржынында 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар.

Әлем чемпионаты 27 тамызға дейін жалғасады. Оған 64 елден 576 жас балуан келді.