«Доссор-Құлсары» жолының тасқын су шайған бөлігі уақытша ашылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысында «Доссор-Құлсары» жолының тасқын су шайған бөлігі уақытша ашылды.

уақытша ашылды
Фото: видеодан алынған скрин

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры Мұрат Мықтыбаевтың мәліметінше, 4 сәуірде Жем өзенінің тасып, «Доссор-Құлсары» тасжолының 101-шақырымын су шайған.

«Кеше «Қазавтожол» компаниясы трассаның осы бөлігін қалпына келтіруге кірісті. Қазір жол учаскесінде 45 адам, 28 техника жұмылдырылды. Жол бөлігіне су өткізуге арналған 12 құбыр салынды. Оның үстіне инертті материалдар төселді», - дейді Мұрат Мықтыбаев.

Облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Әділбек Шахметовтің айтуынша, жолдың жөнделген бөлігін үздіксіз бақылауға алынады. 

«Жолдың бұл бөлігінде көліктер бір бағытпен қозғалады. Сол себептен, полиция қызметкерлері көліктердің кезекпен жүруін реттейді», - деді Әділбек Шахметов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары қаласының көшелерінен 250 мың текше метр су сорылғанын жазған едік.

Сондай-ақ 500 үйге электр жарығы берілді. 

Ал, бүгін Құлсары қаласында сауда орындары ашылып, автобус жүре бастады.